«ЕВГЕНИЙ ОНЕГИННЕН» АБАЙ АУДАРМАЛАРЫ


 

ТАТЬЯНАНЫҢ ОНЕГИНГЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ

Амал жоқ - қайттім білдірмей
Япырмау, қайтіп айтамын!
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.

Талайсыз, бақсыз мен сорлы,
Еріксіз аттап ұяттан.
Қорлыққа көндім бұл құрлы,
Байқалар халім бұл хаттан.

Әлімше мен де ұялып,
«Білдірмен» дедім өлсем де.
Шыдар ем күйіп мен жанып,
Айында бірер көрсем де.

Болмады көріп қалуға
Есітіп біраз сөзіңді.
Шыдар ем бір ай жатуға,
Ұзақ түн жұмбай көзімді.

Қызықтан қашып бұл жерге,
Көңіліңіз суып келіпсіз,
Мәнісін сұрап білуге
Тілдесе алмаймын еріксіз.

Келмесең егер сен бізге,
Сау болмас па ем, әлбетте?
Болмасам ашына мен сізге
Түспес ем мұндай бейнетке.

Асау жүрек қайнамай,
Жуасыр ма еді кезінде?
Елден бір жақсы сайламай,
Бармас па ем ерге өзім де?

Өзгеге ешбір дүниеден
Еркімен тимес бұл жүрек.
Әзелде тағдыр иеден
Қожам - сенсің, не керек.

Тіршілігім - құрбандық,
Шыдамай сені көргенше.
Тәңірімнен келген бұл - жарлық.
Ием - сенсің өлгенше.

Әуелде кірдің түсіме,
Ортақтасып өміріме.
Толғау салып ішіме,
Сол күнде-ақ жақтың көңіліме.

Құдайдан болғай деп емі,
Құдайыны мол бердім.
Көрген жерде-ақ мен сені,
«Осы екен ғой - сол» дедім.

Жатқан сайын ұйқыға
Дұға оқушы ем, шошынып;
Ұнатып мен і құлқыңа,
Жүруші едің қосылып

Түсімде мені жұбатып,
Жылы сөзбен сөйлесіп.
Кетуші едің қуантып,
Қалушы еді көңіл өсіп.

Шыныңды айт, кімсің тербеткен,
Иембісің сақтаушы.
Әлде азғырып, әуре еткен
Жаумысың теуіп таптаушы.

Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі - алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын
Талпынған шығар айға алыс.

Не болса да өзімді,
Тапсырдым сізге налынып.
Толтырып жасқа көзімді,
Есірке деймін жалынып.

Бұл жерде ешкім сырымды
Білмейді, айтып не етейін?
Жақтырмай бұзсаң нұрымды,
Білдірмей күйіп өтейін.

Күтеміз сізден қайта хат,
Қуандырып, дертім жаз.
Ол болмаса, шыныңды айт,
Кінә өзімде, өзіме аз.

Өз хатыма өз көзім
Ұялып, қорқып, баға алмас.
Кепілшім менің - бір өзің,
Бөтен жан тетік таба алмас.


 

ОНЕГИННІҢ ТАТЬЯНАҒА ЖАУАБЫ

Таңғажайып бұл қалай хат;
Мағынасы - алыс, сөзі жас.
Сөзі орамды, әр түрлі жат,
Және әдепті, және рас.

Жас жүректің толқынын дөп,
Жаза алыпсың толтырып.
Бойды жеңіп бұл асыл леп,
Тұрды титық көп құрып.

Тіл буынсыз, бой - таза гүл,
Ақылы артық, ары зор.
Ол - перизат, ойла, өзің біл,
Не болады болса қор?

Ішім өлген, құр денем сау
Босқа үрейім жүр менің.
Жарамайды бекер алдау,
Теңің емес мен сенің.

Пенде көрген бар қызықтың
Бәрін ішкен сұм жүрек.
Айныған соң, сен жолықтың,
Айтып-айтпай не керек!

Тәтті дүние көңілімнен
Кетті менің, нан маған
Енді бізге бір өлімнен
Басқа түк жоқ арнаған.

Мен жаралы жолбарыспын,
Жұрттың атқан оғы өтіп;
Сен есірке, сорлы жаспын,
Шын сөзіме рақым етіп.

Бала сүйер, жар сүйерден,
Түк неме жоқ, құр денем.
Сен - тоты құс бақта жүрген
Қай жеріммен пар келем.

Ерге барған, ер танымай
Ер қызығын кім көрер.
Шығарына жол таба алмай,
Қайғыменен босқа өлер.

Айнығыш ер тартса салқын,
Бал сұрасаң, береді у.
Қазымырлап сөздің артып...
Қасиеттен бетті жу.

Мен - сынық жан, жамағанмен
Түзеле алман түрленіп,
Теңің емес, біл, саған мен,
Неқыласың кірленіп?

Әйел өлмес соқпа дерттен,
Сауыға алмас сынған ер.
Мен - көмірмін қалған өрттен,
Енді рұқсат бізге бер.

Сенің өмірің гүлденіп тұр
Есігін тап, көр қызық!
Менің өмірім - бір суық сұр
Күзгі күндей, тұр бұзық.

Бірге туған мен ағаңнан,
Шын досыңмын, кем емес.
Соққы жедім сұм заманнан,
Бір жылы сөз ем емес.

Арман етпе, жас күнің көп,
Игілік көр, ерге бар!
«Бұл заманның қашқыны» деп,
Мен ғарыпты есіңе ал.

Менде пандық, жат мінезден
Дәнеме жоқ, жарқыным.
Осы жазған барша сөзден
Байқалынар бар шыным.

Басы қатты, сұм жүрегін
Тоқтата алмай кетті де.
Сорға біткен көкірегін
Сендіре алмай өтті де.

Бар денемнің бәрі - бір мұз,
Қайрылуға жарамас.
Міне дәулет, міне асыл қыз,
Болды маған арам ас.

Ол - жас ағаш, бір қызыл гүл,
Жапырағы жаңғырар.
Сорлы, Онегин, жолды өзің біл,
Қай тарапқа қаңгырар.


 

ОНЕГИННІҢ ТАТЬЯНАҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ

Құп, білемің, сізге жақпас,
Ескі жара білтелеу.
Ақ жүрегің енді ұнатпас,
Мезгілі жоқ қай медеу.

Ықтиярсыз мұңды сезім
Кетті ыршып жолыңа.
Мазағыңа бердім өзім,
Өз басымды қолыңа.

Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрыш болды нан.
Мұз жүрегім май секілді
Еріп, от боп күйді жан.

Қор қылуға құдіреттен
Жүрегіме түсті өрт.
Тайлы аяғым ескі дерттен,
Түсті емсіз қатты дерт.

Масқаралап мені тағдыр,
Қылды мазақ не шара.
Менің үшін сен жауап бер,
Мен де сөз жоқ, бишара.

Михрабым сен, бас ұрамын,
Тіл жете алмас ғұзіріме;
Жетпедім, не жасырамын,
Гауһарымның қадіріне.

Сен - ағашта піскен алма,
Қазір едің, алмадым.
Құп кіріптар қылды алла,
Әлде мені қарғадың?

Он сегіз мың бұл ғаламның,
Бар тынысы күнде тұр.
Мен сықылды сорлы адамның,
Ықтияры сенде тұр.

Сен бетіңді әрі бұрсаң,
Шықты көзім, болды көр.
Жанды аларсың, разы болсаң,
Біздің орын қара жер.

Тәңір добы - бұл ғаріп бас,
Кетті амалсыз, қорлама,
Қайта қақты, қайла болмас,
Келді, түсті ордаңа.

Ақылы бар ықтиярлы,
Пенде теппес өз жарын.
Ерік - иеде, пенде - зарлы,
Не білер, не боларын?

Сорлы адаммын жер жүзінде
Бір қуаныш көрмедім.
Не қыласың, ерік өзінде,
Қайғысы асқан шерлі едім.

Менің өмірім таянып тұр,
Үзілуге әм жаным.
Ақ жүзіңді бір көріп құр,
Өлсем, болмас арманым.

Күні ертең бір көрінсең,
Сорлы асықтың көзіне,
Тәңірі үшін шапқатыңмен,
Нан, ғаріптің сөзіне!..

Не болайын, тез болайын,
Ақ жүзіңді көрейін.
Бар ма өмірім, қармалайын,
Жоқ болса, мен өлейін.

Қорғалап, қорықпа өмір бос,
Тағдырыңа қарсы бар.
Бір өзіңнен басқа бір дос,
Таппасаң, өл, жүрме зар.


 

 

ТАТЬЯНАНЫҢ СӨЗІ

Тәңірі қосқан жар едің сен,
Жар ете алмай кетіп ең;
Ол кезімде бала едім мен,
Аямасқа бекіп ең.

Талақ етіп бұл ғаламды,
Болды мәлім кеткенің.
Кінәсі жоқ жас адамды,
Қатты соққан не еткенің?

Елжіреген жас емес пе ем,
Еппен айтсаң жұбатып,
Мен ғашыққа мас емес пе ем,
Кетсең еді ұзатып.

Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
Тірі қалдым, өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың.

Бұл - кінә емес, әншейін наз,
Сағынамын айтамын.
Досың-ақпын, тағдыр араз,
Толғанамын, қайтемін.

Сен шошыдың ғашығыңнан,
Өзге жұрттан қамшы жеп,
Мен де сорлы нәсібімнен,
Жатқа тидім, «алшы» деп.

Жар табылмас сен секілді,
Мен де сендей - сорлы зар.
Қол-аяғым берік бекілді,
Енді ненің орны бар.

Өз қораңның қақпасын сен,
Қатты жаптың, не айтайын,
Жат қораның тақтасын мен,
Жастанамын, қайтейін.

Қаймақ еді көңілімде
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де - сорлы бақыты кем.

Еш қызыққа арманым жоқ,
Бәрі де бар формының,
Біреуіне қанғаным жоқ,
Өзіме аян, сорлымын.

Жаным ғашық асылым ең,
Жар есігін бермедің.
Сорға біткен ғашығымсың,
Неге тым кеш сермедің.

Жат есікті және қорып,
Жара салма сен маған.
Жұрт жамандар, жатқа жорып
Жалынамын мен саған.

Үшбу қиял келсе басқа,
Сен жүдер деп мен үшін.
Болар еді қайнамасқа,
Мыс қазандай сорлы ішім.

Ғашық-ақпын еш күмәнсіз,
Ырыс емес, сор үшін.
Көрісуге шыдамаспыз,
Айрылалық сол үшін.

Жұлдыз.- 1999.- №5.- 3-9 б.