+7 (727) 267-28-83

Мерзімді басылымдар қызметінің оқу залында «Егемен Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығына арналған «Егемен Қазақстан: ғасырдан, ғасырға» атты  тұрақты көрмесі ұйымдастырылды.

egemen

«Егемен Қазақстан» қоғамдық-саяси газеті еліміздегі ең көне және ең танымал   басылымдардың бірі. Газеттің бірінші нөмірі 1919 жылы Орынбор   қаласында «Ұшқын» («Искра») атауымен жарық көрді.  

Құрамында Халел Есенбаев, Ешмұхаммед Бегалиев, Тамимдар Сафиев, Әмірғали Мәнешов,  Бернияз Күлеевтер бар редакциялық алқа сайланды. Олар газеттің алғашқы басшылары деп аталады. Басылым 1920 жылы «Еңбек туы», 1921 жылдан «Еңбекші қазақ», 1925 жылдан бастап «Еңбекшіл қазақ», 1932 жылдан бастап «Социалды Қазақстан», 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» деген атаулармен  бірнеше рет ауыстырылды. 1991 жылы республика тәуелсіздік алуға санаулы айлар қалғанда басылымның аты  «Егеменді Қазақстан» болып өзгертілді.  1993 жылы лингвистердің пікірлерінен туған талқылаудан кейін газеттің бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен  басылым   «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.

Басылымның алғаш шығуынан бастап қазақтың ірі мемлекет қайраткерлері мен көрнекті қаламгерлері қызмет етті, өздерінің шығармаларын жариялады. Олардың қатарында: Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов сияқты тұлғаларды атауға болады. Жаңа дәуірде «Егемен Қазақстанды»: Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Әбдірахманов сияқты қаламгерлер басқарды. Қазіргі уақытта газетті Дархан Қыдырәлі басқарады. Газеттің  республикадағы  барлық өңірлерде, сондай-ақ Алматы қаласындағы филиалында өз тілшілерінің желісі бар. «Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамында 100-ден астам  қызметкерлер жұмыс істейді. Газет Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметі туралы ресми ақпаратты қамтиды, нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ ішкі және сыртқы саяси мәселелер бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттарын жариялайды. Газет ҰБТ нәтижелерін жариялауға құқылы. Күнделікті қазақ тілінде басылып шығарылады.      «Егемен Қазақстан» газетінің шығармашылық ұжымы көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды. 1957 жылы газет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.       Көрмеде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан «Егемен Қазақстан» газетіне  арналған  кітаптар мен мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған   белгілі жазушылар мен журналистердің, қоғам және саяси қайраткерлердің мақалалары ұсынылған. 

Көрмеге шақырамыз!

Сайтта

Қазір сайтта 105 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.