+7 (727) 267-28-83

01

2019 жылғы 22 ақпанда Н.Дәулетова атындағы залда көрнекті ақын, драматург, әдебиеттанушы ғалым, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Әбділда Тәжібаевты еске алу кеші өтті.

Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ж.Сейдуманов ашты.

Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Ақмешітте (қазіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы жетім балалар интернатында тәрбиеленген. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте оқыған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген.

 

Еңбек жолын "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде алдымен пошта тасушы (1926), содан кейін корректор болып бастаған (1927-1928) ол небәрі 4-5 жылда "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газеті редакторының орынбасары (1932-1934) дәрежесіне дейін көтеріледі. Ол  1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланады. Ә.Тәжібаев 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарады. "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болады. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болып сайланады.

Іс-шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Ә.Тәжібаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ақын, ғалым, драматург» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шараға Серік Қирабаев, Мереке Құлкенов,  Төрегелді  Шарманов, Сейфолла Оспан, Аманхан Әлімұлы, Бақытжан Қанапиянов, Сәрсенбі Дәуітов, Дандай Ысқақ,  Қуандық Туменбай, Досым Сүлеев, Зайда Бекхожина, Жанар Мұстафина және т.б қатысып, сөз сөйледі.

Шараны белгілі ақын, журналист, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан жүргізді.

Сайтта

Қазір сайтта 60 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.