+7 (727) 267-28-83

003

2019 жылғы 27 ақпанда Н.Дәулетова атындағы залда Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру және Мәлік Ғабдуллиннің этнопедагогикалық және әдеби мұраларын насихаттау мақсатында батырдың әдеби-ғылыми еңбектерінің 11 томдығы мен "Мәлік Ғабдуллин – Қазақтың Оқжетпесі" атты естеліктерден тұратын альбом кітабының тұсаукесері өтті.

Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада Көкшетау облысының Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылында дүниеге келген.  1924-1931 жылдар аралығында Көкшетау қаласындағы жеті жылдық қазақ мектебінде оқиды.  1935 жылы  Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 1936 ж. әскер қатарына барып, әскери борышын өтеп қайтқаннан кейін осы институттың аспирантурасында оқыды.1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1938 жылы «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары, КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық Филиалындағы Тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметкер болып қызмет атқарған.

Қазақ халқының қаһарман ұлы, көрнекті тұлғасы, батыр, ғалым, педагог, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің 58 жылдық ғұмырының басым бөлігі Алматы қаласында өтті. Ол аз ғана ғұмырында артында өшпес із, өсиетті сөз, баға жетпес құнды мұра қалдырды. 

Іс-шараны журналист, жазушы, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан жүргізді.

Іс-шараға Бигелді Ғабдуллин, Құдайберді Мырзабек, Вячеслав Тетинев, Серік Қирабаев, Сарбас Ақтаев, Такир Балықбаев, Мариям Кенжеахметқызы, қызы Майдан Мәлікқызы және М.Ғабдуллинмен бірнеше жылдар бойы қызмет еткен ҚазҰПУ-дың ұстаздары мен дәріс алған шәкірттері қатысты.