Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 25 жылдығын мерекелеу жылы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Б.Қ. Оспановаға, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың директоры А.Қ.Байұзақовқа және Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Р.Қ. Қабиеваға қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлестері үшін Ассамблеяның «Мейірім» төс белгісі табыс етілді.
Алғаш рет осындай жоғары марапатқа қазақстандық кітапханалардың басшылары Ұлттық Академиялық кітапханасының басшысы, профессор, педагогика ғылымдарының докторы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаеваның бастамасымен ие болып отыр.
Ұ.Д.Мұңалбаева Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевпен кездесуде Қазақстан кітапханалары Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілін және дәстүрін жаңғыртуға, сақтауға және дамытуға ықпал етіп, қолдау көрсететінің атап өтті.
2012 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» қызметі жанынан Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының депозитарийі ұйымдастырылған. Депозитарий қоры тарихты, депортация үдерістерін, қазіргі өмірді, жекелеген халықтардың рухани мәдениеті мен дәстүрлерінің дамуын ашады. Кітапхана Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдени мұрасын насихаттауға және сақтауға бағытталған түрлі конференциялар, стационарлық және көшпелі кітап көрмелерін ұйымдастырады.