+7 (727) 267-28-83

Tokaev

ӨЗГЕРІСТЕР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

 

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың бүгін, 1-ші қыркүйекте еліміз Парламенті палаталарының бірлескен сессиясында жасаған дәстүрлі Жолдауы біздің Ұлттық кітапхана ұжымының ертеңгі күнге деген сенімін одан әрі арттыра түсті. Соңғы жүз жылда болмаған аса қатерлі пандемия ауыртпашылығын барша адамзатпен бірге қазақстандықтар да өткір сезінді. Осы күрделі кезеңде, Жолдауда атап көрсетілгендей, халқымыздың ауызбірлігі мен мемлекеттің білікті басшылығы арқасында Қазақстан дүниежүзілік ауқымдағы өз беделі мен мәртебесін сақтап қала алды.

Сондықтан Мемлекет басшысының қазақстандықтарға, әсіресе дәрігерлер мен құқық қорғау саласы қызметкерлеріне деген терең ризашылығын біз қуана да құптай қарсы алдық. Өкінішке қарай, пандемия қиындығын толық жеңу үшін әлі де біраз уақыт керек екенін естідік. Бұл барша отандастарымыздан қауіпсіздік талаптарын сақтауда зор жауапкершілікті талап ететінін түсінеміз. Себебі, біздің елімізде адам мен оның денсаулығы ең басты қазына болып табылады.

Республика Президентінің Жолдауында айтылған мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, кадр біліктілігі, экономиканы одан әрі дамыту, шикізатты өндіру, өңдеу мен өткізуге байланысты жасалатын өзгерістердің аса қажет шешімдер екеніне соңғы бірнеше айда әбден көзіміз жетті. Әсіресе, жердің шетелдіктерге сатылмайтыны, ауыл шаруашылығына субсидиялар арқылы нақты көмек көрсету, әлеуметтік төлемдерді индексациялау, Стратегиялық жоспарлау агенттігін құрудың еліміздің өсіп, өркендеуіне пайдалы боларына нық сенімдіміз.

Ал, реформаларды жүзеге асыру бойынша Жоғары Мемлекеттік кеңестің құрылуы туған Отанымыздың Азия мен Еуропа елдерін жалғастыратын алтын көпір ретіндегі беделінің мығым да биік болуына көмектесетіні айқын. Өйткені, Президентіміздің Жолдауында алға қойылған міндеттер халық игілігіне қызмет етіп, мемлекеттің қуатын артыра түседі. Сондықтан ұлттық кітапхана ұжымы да ортақ жоспарларды табысты орындауға барынша атсалысады деп сендіре аламын.

Бақытжамал Оспанова,

ҚР Ұлттық кітапханасының директоры,

Қазақстандық кітапханалық одақтың төрағасы.

Suret1   suret2

 

Сайтта

Қазір сайтта 233 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.