+7 (727) 267-28-83

Өнер бөлімінің оқу залында музыкатанушы, өнертану кандидаты Ахметова Мәриям Мұхатайқызының (1921ж.) 100 жылдығына арналған «Музыкатанушы Мәриям Ахметованың туғанына – 100 жыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Ахметова Мариям Мұхатайқызы 1921 жылы 13 наурызда Жамбыл облысының Шу ауданы Кеңес (Кукбастау) ауылында дүниеге келген. Әкесі қайтыс болғаннан кейін 1931-1935 жылдары «Қара-Қастек» балалар үйінде тәрбиеленді. 1941 жылы Алматы музыкалық училищесін, 1951 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының тарихи-теориялық факультетін бітірген. 1951 жылы ҚазКСР ҒА Президиумы жанындағы өнертану секторы Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының аспирантурасына өнертану докторы, профессор В.М. Беляевтің сыныбына іссапарға жіберді.

Ахметова  Мариям Мұхатайқызы  1957 жылы «Қазақтың халық дәстүрлері және олардың Кеңестік Қазақстан композиторларының ән шығармашылығындағы дамуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1958 жылдан ҚазКСР ҒА Әдебиет және өнер институтының музыка өнері бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. Сол жылы КСРО Композиторлар Одағының мүшесі, 1962-1968 жылдары музыкатану секциясының жетекшісі, ал 1968 жылдан бастап Қазақстан Композиторлар Одағының Басқарма мүшесі болды. 1962 жылы КСРО Композиторлар Одағының III және IV съездерінің делегаты, ал 1972 жылы XIX – XX ғғ. Орталық Азия елдерінің әлеуметтік және мәдени дамуы бойынша ЮНЕСКО халықаралық конференциясының делегаты болып сайланды.

Ахметова Мариям Мұхатайқызы  «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мақтау қағаздарымен  және ҚазССР ҒА Президиумының мерейтойлық мақтау қағазымен марапатталды.

Кітап көрмесіне ҚР Ұлттық кітапханасының кітап және мерзімді басылымдар қорынан Ахметова Мәриям Мұхатайқызының өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар ұсынылды.

                                      Кітап көрмесіне келіңіздер!