20 мамырда Н. Дәулетова атындағы залда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына арналған «Заманынан биік Ақын» атты онлайн шығармашылық кеші өтті
Ақын және ойшыл Олжас Сүлейменов тұлғасы – халық тарихының бір бөлшегі, ұлт мақтанышы. Ол – дарынды, ақындық өрісі биік ақын. Олжас Сүлейменовтің поэзиясы – өзіндік дара қасиеті бар, мақсаты айқын, жүрекке қуаныш, бойға жігер қосуға ұмтылған поэзия. Оның поэзиясы сезім түйсігінің шындығымен, ішкі жалынымен, әсершіл сезімді бейнелеудегі сыршылдығымен, өлең өрнегінің шеберлігімен, тіл байлығымен ерекшеленеді.
Олжас Сүлейменов – ақындығымен қоса қоғам өміріне де белсене араласып, қайраткерлік дәрежеге көтеріле білген азамат.
Онлайн режиміндегі шараға республика кітапханаларының оқырмандары мен қызметкерлері қатысты. Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекқызы Оспанова құттықтау сөзбен ашты.
Кешті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, шығыстанушы-ғалым, Иранның парсы тілі мен әдебиеті академиясының толық мүшесі, профессор Сафар Абдулло жүргізді.
Тікелей эфирде мерейтой иесі Олжас Сүлейменов, белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бақытжан Қанапиянов сөз сөйлеп, облыстық кітапханалар оқырмандары мен қызметкерлері Олжас Сүлейменовтің «Волчица», «Махамбет», «Айналайын», «Арғымақ», т.б. өлеңдерінен үзінділер оқыды.
Іс-шара Ұлттық кітапхананың қызметкері Таңжарық Орманбековтың орындауындағы «Біздің елдің жігіттері» атты термемен аяқталды.
Шара аясында ҚР Ұлттық кітапхананың қорынан О. Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Заманынан биік Ақын» атты көркемделген кітап көрмесі ұсынылды.