+7 (727) 267-28-83

невада

19 қазанда Н.Дәулетова атындағы залда Семей сынақ полигоны аумағындағы ядролық  жарылыстың тоқтатылған күніне орай «Невада-Семей» ядролық жарлысқа қарсы халықаралық қозғалыстың ардагерлері мен белсенділерінің дөңгелек үстелі өтті.

1989 жылғы 19 қазанда Олжас Сүлейменов бастаған Халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық жарылыстың 11-ін тоқтатты. КСРО әскери-өнеркәсіптік кешені қуатты да айбынды күшке ие болып отырған сол уақытта бұл қаһармандық іс болатын. Бұл мемлекеттік жүйенің өзі осыған бейімделіп тұрған сол уақыттарда өзінің тегеуріні мен батылдығы жағынан да теңдессіз қадам еді. Олжас Сүлейменовтің қайыспас ерік-жігері, өжеттігі, тумысынан дарыған тұлғалық қасиеттері және өз халқына деген махаббаты осынау тайталаста жойқын әрі шешуші факторға айналды.

1989 жылдың 19 қазанында ТАСС Семей полигонында қуаттылығы 150 килотоннаны құраған кезекті жерасты жарылысы туралы хабарлаған кезде осынау ізгілікті миссияны орындау үшін Олжас Сүлейменов халықтың қалың бұқарасы мен парламенттік дипломатияны кеңінен тарту орайында  зор күш-жігер жұмсады. Қозғалыс Алматыда, Семейде, Сараньда, Қарауылда, Мәскеуде наразылық митингілерін ұйымдастырды. Қарағанды мен Павлодардағы митингілерде КСРО Жоғары Кеңесіне Үндеу қабылданып, Семей ядролық полигонын жабу туралы мәселені шұғыл енгізу талап етілді.

1989 жылғы 23 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясындағы өзінің атақты тарихи сөзінде Олжас Сүлейменов Семей ядролық сынақ полигонын дереу жабу туралы мәселені үзілді-кесілді қойды. Сондай-ақ, кез-келген келесі сынақ бүкіл Қазақстан бойынша жалпыхалықтық ереуілге ұласуға әкелетінін ескертті.

Әр түрлі есептеулерге қарағанда, Қазақстанда полигондағы сынақтардан 1,5 миллионнан астам зардап шеккен. 1991 жылғы 29 тамызда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны ресми түрде жабылды.

Дөңгелек үстелді белгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, лингвист-зерттеуші, түркітанушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, «Невада-Семей» қозғалысының көшбасшысы Сүлейменов Олжас Омарұлы ашты.

Шараның модераторы белгілі журналист, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вице-президенті Жандаулетов Валерий Айтмұқашұлы.

Сөз сөйлеген қонақтар: А.Асылбеков, М.Маканова, Г.Кунирова, З.Багненко,  Г.Ерғалиева, Г.Сүлейменова, Б.Раздыков, К.Басыбекова және т.б.

Шараға «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

невада1   невада2   невада3   невада4
невада5   невада6   невада7
невада8   невада9