+7 (727) 267-28-83

Тауман

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстан журналистика мектебінің негізін қалаушы, педагог, ғалым және қоғам қайраткері Тауман Салықпайұлы Амандосовтың 100 жылдығына орай «Қазақ журналистикасының сардары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Тауман Салықпайұлы Амандосов 1921 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысы Балықшы ауданының Кеңөзек ауылында дүниеге келген. 1950 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін үздік бітірген.

Еңбек жолын Т.Амандосов 1942 жылы облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің әдеби қызметкері болып бастаған. Содан кейін С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне педагогикалық жұмысқа ұсынылды. 1955 жылы «Қазақ совет  әдебиетіндегі халықтар достығы идеясы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, 1982 жылы  «Қазақ публицистикасының тарихы, өркендеуі және проблемалары» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғады. 

ҚР Ұлттық кітапханасының қорында Т.Амандосовтың өмірі мен қызметі туралы 200-ге жуық материал, оның ғылыми еңбектері, монографиялары, ғылыми конференцияларда сөйлеген сөздері, көркем аудармалары және мерзімді басылым беттеріндегі публицистикалық мақалалары бар.

«Қазақ журналистикасының сардары» кітап көрмесі энциклопедиялық анықтамалар беттерінде ғалымның өмірі мен қызметі туралы материалдарды бейнелейді. Кітап көрмесінің мақсаты – Т.Амандосовтың өмірі мен шығармашылығын таныстыру.

Т.Амандосов – Қазақстан журналистикасы теориялық мектебінің негізін қалаушы. Ол Қазақстанда алғаш рет қазақстандық публицистиканың теориясы мен тәжірибесін зерделеумен айналыса бастады. 11 монографияның авторы: «Публицистика -дәуірдің үні», «Достық ағымы», «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы», «Қазақ совет баспасының жанрлары», «Журналист және өмір», «Газет жанрлары» және т.б. 200-ден астам ғылыми және публицистикалық мақалалар жазды.

Көрме оқырманды оның ғылыми-педагогикалық қызметімен таныстырады. Т.Амандосовтың журналистика факультетінің студенттеріне арналған алғашқы қазақ тіліндегі оқулығы бүгінгі күнге дейін Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстан университеттерінде де қолданылып келеді. Журналистика үшін кадрлар даярлайтын ұлттық мектептің негізін қалады. «Теледидар және радиохабар», «Қазақ журналистикасы» және «Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау» кафедраларын ұйымдастырды. Ол журналистердің көптеген буынын тәрбиелеген, Қазақстандағы жоғары журналистік білім берудің талантты ұйымдастырушысы болды.

Т. Амандосов үлкен қоғамдық және әкімшілік жұмыс жүргізді. КСРО Журналистер одағының ІІ, ІІІ, ІV съездерінің делегаты, КСРО, Қазақстан Журналистер одағының басқарма мүшесі болып сайланды. Бірнеше жыл  Қазақстан Журналистер одағының Алматы қалалық ұйымын басқарды. Журналистік шеберлік университетінің ректоры болып қызмет атқарды.

Әдебиет классиктерінің көркем шығармаларын аударуға да уақыт тапты. Ол Л.Кассиль, В.Ляпунов, А.Дорохов, Л.Шемякин, Н.Казанов және т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Ұзақ жылғы жемісті ғылыми-педагогикалық қызметі үшін Т.Амандосовқа «Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері» атағы беріліп, мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Кітап көрмесіне шақырамыз!