14 наурызда ҚР Ұлттық кітапханасы «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалымен бірлесіп, Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжінде «Құқықтық мәдениет – қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты барынша азайтудың басты шарты» атты семинар өткізді.
Семинардың мақсаты – студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыру бойынша жұмыс бағытын жүргізу.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы – еліміздің жетекші ақпараттық-білім беру орталығының сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы рөлі» тақырыбында ҚР Ұлттық кітапханасы директорының ақпараттық технологиялар және инновациялар жөніндегі орынбасары Исқалиева Нұрия Аманғалиқызы сөз сөйледі.
Семинарға қатысушылар оқу-тәрбие үдерісіне адалдық және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттарын енгізу әдістемелерімен танысты және этикалық мәдениет деңгейінде қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың таралуына байланысты әдептілік пен адалдықты тәрбиелеу негіздері туралы теориялық білім алды. Мұндай шараларды өткізудің тәрбиелік мәні зор.
Семинар аясында ұйымдастырылған «Басты ұстаным – парасат пен сенім» және «Наурыз – ұлыс, Наурыз – ырыс!» атты кітап көрмелерінде ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан ҚР-дағы сыбайлас жемқорлықтың таралуына қарсы күрес мәселелеріне арналған нормативтік-құқықтық актілер, кітаптар мен бұл құбылыспен күресу үшін мемлекет қабылдаған шаралар туралы жинақтар мен журналдардан мақалалар, сонымен қатар Наурыз мейрамының тойлану тарихы жайлы энциклопедиялар мен танымдық кітаптар, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, қазақтың ұлттық киіз үйі, ұлттық тағамдары туралы кітаптар және т.б. ұсынылды. Аталған көрмелермен колледж оқытушылары мен студенттерін ҚР Ұлттық кітапханасы «Қазақстан кітаптары» қызметінің жетекшісі Рахимова Анар Кәріпбайқызы мен жас маман Кумысбек Несібелі таныстырды.
ҚР Ұлттық кітапханасының айырбас және резервтік қорынан колледжге библиографиялық көрсеткіштер мен көркем әдебиеттер сыйға тартылды.
Колледжде ҚР Ұлттық кітапханасының мамандары оқырмандарды тіркеу жұмысын жүргізді.