+7 (727) 267-28-83

Байкадамов

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Бақытжан Байқадамовтың 105 жылдығына арналған «Кәсіби әннің шебері – Бақытжан Байқадамов» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Бақытжан Байқадамов 1917 жылы 24 наурызда Торғай қаласында қызметкер отбасында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң, ол педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түсті.

1937 жылы институтты бітіргеннен кейін Б.Байқадамов №38 қазақ-орыс мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып педагогикалық жұмысқа жіберіледі. Оның шәкірттері болашақ музыканттар – Н.Тілендиев, Марат және Қуат Әбусейітовтер, Ғ. Жұбанова және оның қарындасы Айсұлу Байқадамова болды. Мектепте ол өзінің көркемөнерпаздар ұжымын құрды және өзінің алғашқы «Айгөлек», «Пионерлер әні», «Қуаныш әні» әндерін жазды.

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Б. Байқадамов Е. Брусиловскийдің композиция класы бойынша Алматы консерваториясының композиторлық бөліміне түседі. Консерваторияда оқыған жылдары Б. Байқадамов оркестрлерге, хорға, жеке аспаптарға арналған ондаған шығармалар, Д. Әбілев пен К. Байсейітовтің либреттосы бойынша 2 актіде «Ақайша» операсын жазды.

Консерваторияны бітіргеннен кейін ол Қазақ мемлекеттік филармониясын басқарды және хор капелласының көркемдік жетекшісі болды.

50-ші жылдардың ортасында Қазақ мемлекеттік ән-би ансамблі құрылды, оның көркемдік жетекшісі Б.Байқадамов болды. Бұл ансамбль үшін композитор солистер, аралас хор, би және симфониялық оркестр үшін үш бөлімнен тұратын «Саяхатта» вокалдық-хореографиялық композициясын жасады. Композиция 1957 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінде ұсынылды, онда ол бірінші дәрежелі Алтын медальмен марапатталды.

Композитор Бақытжан Байқадамов қазақтың ұлттық күйлерін хормен - а капелламен орындауға бірінші болып бейімдеді. Ол Құрманғазының «Шалқыма», «Айжан қыз», «Ақпай» және басқа да әйгілі күйлерін пайдаланған. Нәтижесінде жаңа жанр – хор күйі қалыптасты.

1961 жылы Байқадамов Қазақ қыздар педагогикалық институтына жаңадан ашылған музыка факультетіне жұмысқа шақырылып, онда қарапайым мектептерге музыка мұғалімдерін даярлады. Осы ұжымда ол өмірінің соңғы күндеріне дейін доцент болып жұмыс істеді. Институтта Ол «Айгүл» әйелдер ансамблін ұйымдастырды.

Бүгінде композитор Б.Байқадамовты қазақ эстрада өнерінің негізін қалаушы деп атайды, оның құрметіне Қазақ мемлекеттік капелласы, Арқалық қаласындағы өнер мектебі, Алматы қаласындағы көше аталып, өзі тұрған үйде мемориалдық тақта ашылды.

Байқадамовқа Ұлы Отан соғысы кезінде қытай композиторы Си Синхайды құтқарғаны үшін оның құрметіне алғыс ретінде Гуанжоудағы көшеге композитордың есімі берілген. 2019 жылы Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың тарихын баяндайтын «Композитор» көркем фильмінің әлемдік премьерасы өтті.

Бақытжан Байқадамов - Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған.

Кітап көрмесінде Б.Байқадамовтың өмірлік, шығармашылық және педагогикалық жолын ашатын «Қазақстан композиторлары. Композиторы Казахстана»; Н.Кетегенова  «Творческие портреты композиторов Казахстана»; «История казахской музыки»; «Инструментальная музыка казахского народа»; «Вопросы истории и теории музыки Казахстана»; Ү. Жұмақова, Н.Кетегенова «Казахская музыкальная литература»; К.Байқадамова «Байқадамовтар әулеті: Деректі хикаят»; Б.Байқадамов «Хоровые поэмы»; Б.Байқадамов «Жайлаудағы кеш»; «Қазақ музыкасы. Антология»; П.Момынұлының «Қазақ музыкасының қысқаша тарихы»; С.Ұзақбаева, Б.Махметова «Ұлт өнерін өрнектеген»  және т. б. кітаптар ұсынылған.

Сондай-ақ, оқырмандарға мерзімді басылымдардағы мақалалар, ноталық жинақтар, музыкалық шығармалар, партитуралар, танымал қазақстандық әншілердің орындауындағы композитор әндерінің жазбалары қызықты болары сөзсіз.

Кітап көрмесіне шақырамыз!