+7 (727) 267-28-83

kaz

ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақстандағы балалар жылына» орай «Қазақстан қаһармандары: кеше және бүгін» атты тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты – өскелең ұрпақты ел қаһармандарының Қазақстан Республикасына сiңірген қайталанбас еңбектері, Отан қорғауда, азаматтардың өмірін қауіпсіздендіру және Қазақстанның бостандығы мен Тәуелсіздігі жолындағы күрескерлік ерліктерімен таныстыру. Сонымен қатар ұлтжандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке баулу және жастарды өз тарихын терең ұғынуға, бағалай білуге, рухани құндылықтарымызды қастерлеуге дәріптеу.

«Халық қаһарманы» – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген, айрықша қызметімен ерекшеленген және елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында азаматтық және жауынгерлік ерлік көрсеткен адамдарға берілетін атақ. «Халық қаһарманы» атағы 1993 жылы заңмен бекітілді. «Халық қаһарманы» атағына ие болған адамға «Алтын жұлдыз» және «Отан ордені» ерекшілік белгісі беріледі.

Көрмеде «Халық қаһарманы» атағының иелері қатарына кіретін армия генералы, ҚР-ның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Қайрат Рысқұлбеков, соғыс ардагері Қасым Қайсенов, Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы, әнші Роза Бағланова, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, ғарышкерлер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, әйгілі күйші, композитор Нұрғиса Тілендиев, академик Мұхтар Әлиев, Қазақстанның халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетов, ұшқыш Хиуаз Доспанованың және т.б. еңбектері мен олардың ерліктерін айшықтайтын әдебиеттер, фотоальбомдар, энциклопедиялық анықтамалық және мерзімді басылымдар ұсынылған.

Көрмені тамашалауға шақырамыз!