22 қыркүйекте ҚР Ұлттық кітапханасы Ақпараттық ресурстар қызметінің мамандары «Қазақстан Республиканың арнайы кітапханалары жас кітапханашыларының IV слеті» аясында «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасындағы кітапханалық жіктеу жүйесі. ӘОЖ бойынша индекстеудің негізгі ережелері» тақырыбында семинар-тәжірибе өткізді.
Құжаттарды ғылыми өңдеу және электронды каталогты қалыптастыру тобының жетекшісі К.Д. Авелбекова библиографиялық жазбаларды құрастыру және каталогтаудың негізгі ережелерін реттейтін халықаралық және Ұлттық құжаттар туралы баяндады.
Топ жетекшісі А.К. Несіпбаева Халықаралық әмбебап ондық жіктеу (ӘОЖ) бойынша тәжірибелік сабақ өткізіп, онда ӘОЖ-ді индекстеу және индекстер беру ережелеріне сипаттама берді.
Ақпараттық ресурстар қызметінің жетекшісі Ф.У. Сыдықжанова ҚР Ұлттық кітапханасында жұмыс істейтін Каталогизатор мектебінің жұмысына тоқтады.
Семинар-тәжірибе барысында көркем және шетел әдебиетін библиографиялық сипаттау, Авторлық және сабақтас құқықты сақтау, сондай-ақ күрделі құжаттарды каталогтау мәселелері қаралды.
ҚР Ұлттық кітапханасы біліктілікті арттыру мақсатында барлық кітапхана мамандарын Каталогизатор мектебіне, Жазба құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру мектебіне оқуға шақырады.
![]() |
![]() |
![]() |