6 қазанда Н. Дәулетова атындағы залда онлайн және офлайн форматта көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының туғанына 60 жыл толуына арналған «Алтынбек Сәрсенбайұлы және Қазақстанда жаңа қоғам орнату мұраттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және Алтынбек Сәрсенбайұлының «Уақытында айтылған шындық», «Алаштың Алтынбегі» және «Қайраткерлік қағидасы» атты кітаптардың тұсаукесері өтті.
Іс-шараны белгілі ғалым, өнер зерттеуші Сағатбек Медеубекұлы жүргізді.
Құттықтау сөз сөйлегендер: А.Сәрсенбайұлының ұстазы, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев, А. Сәрсенбайұлы-ның әріптесі, қоғам қайраткер Болат Әбілов және т.б.
Лента қию рәсіміне қатысқандар: Смағұл Елубай, Уәлихан Қалижан, Қуандық Түменбай, Намазалы Омашев, Рысбек Сәрсенбайұлы.
Баяндамашылар: тарих ғылымдарының докторы, профессор Аяған Бүркіт Ғелманұлы (онлайн); журналист, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр; тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Шілдебаев Сәбит Қамытбекұлы; саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт; журналист, «Президент және Халық» республикалық газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев және т.б.
Шара соңында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы өзінің жылы лебізін білдіріп, Алтынбек Сәрсенбайұлының жары Атушева Салтанатқа гүл шоғын сыйға тартып, иығына камзол жапты.
Конференцияны А. Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы қорытындылады.
Конференция аясында ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан «Заманынан озған заңғар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Алтынбек Сәрсенбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы еңбектері, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары мен ол туралы құжаттар ұсынылды.
Қатысушылар: мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, ғалымдар мен журналистер, ақын-жазушылар, халықаралық ұйым өкілдері, шетелдік ғалымдар, сондай-ақ БАҚ қызметкерлері.
![]() |
![]() |
![]() |