+7 (727) 267-28-83

15караша

15 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қонаев Диар Асқарұлы құрастырған «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың  өмір және еңбек шежіресі» атты кітаптың  тұсаукесері өтті.

Бұл кітап халқымыздың ардақты ұлдарының бірі, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Қонаев Дінмұхамед Ахметұлына арналған.

Жинақта ұсынылған құнды құжаттар Қазақстанның экономикалық әлеуетін,  оның  ғылымы  мен  мәдениетін  қалыптастырып,  дамытуға Д.А. Қонаевтың қосқан зор үлесін ашып көрсетеді.

Іс-шараны  белгілі журналист, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вице-президенті Валерий Жандәулетов жүргізді.

Алғашқы сөз Қазақстанның халық жазушысы, лингвист-зерттеуші, түркітанушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, «Невада-Семей» қозғалысының көшбасшысы, Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының директоры Сүлейменов Олжас Омарұлына берілді.

Сондай-ақ, шара қонақтары: ғалым,  техника ғылымдарының кандидаты, «Экология» халық академиясының академигі, Халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президенті Эльдар Қонаев; ғалым, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі  Диар Қонаев; социология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі,  философия, саясаттану және дінтану институтының Бас директоры Серік Сейдуманов; заң ғылымдарының докторы, профессор,  Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири; Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының қызметкері Валерий Толмачев; Доктор әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Майдан Әбішев; Д.А. Қонаев атындағы мемориалдық мұражай-пәтерінің сақтаушысы және мұражайдың ғылыми бөлімінің меңгерушісі  Жәннет Серікбаева   ұлы тұлға жайлы естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар, іс-шараға ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Қонаев Дінмұхамед Ахметұлының шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

Жаңа кітап іс-шара соңында  ҚР Ұлттық кітапханасының қорына сыйға тартылып, қатысушыларға табысталды.

Қатысушылар: ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері, студенттер және кітапхана оқырмандары және т.б.

15караша1   15караша2   15караша3