+7 (727) 267-28-83

Алиев

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ө.М. Сұлтанғазин атындағы ғылыми қызметкерлеріне арналған залында қазақстандық хирург, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның Халық қаһарманы Әлиев Мұхтар Әлиұлының 90 жылдығына арналған «Ұлттық хирургияның алыбы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Әлиев Мұхтар 1933 жылы 2 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төменарық станциясында дүниеге келген. 1950 жылы Түркістан педагогикалық училищесін бітірген.

Еңбек жолын Түркістан облысы Шәуілдір ауданының Тимур ауылындағы жеті жылдық мектепте мұғалім болып бастаған (1950-1951). 1951-1957 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтында оқыды. 1957-1958 жылдары – Тимур ауылы учаскелік ауруханасының бас дәрігері және хирургі. 1958-1960 жылдары – Алматы медицина институты кафедрасының ординаторы. 1960-1961 жылдары – республикалық клиникалық аурухананың хирург-дәрігері. 1961-1963 жылдары – Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері. 1963-1969 жылдары – Алматы медицина институты кафедрасының аспиранты, ассистенті. 1969-1976 жж –  доцент, Алматы медицина институтының кафедра меңгерушісі. 1980-1982 жылдары – Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі. 1980-1985 жылдары – клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1982-1987 жылдары – Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі. 1992 жылы Қазақстан-Ресей медициналық университетінің негізін қалаушылардың бірі болды. 1995 жылы Қазақстанның медицина ғылымдары академиясын құрып, оның Тұңғыш Президенті қызметін атқарды.

Мұхтар Әлиев кеуде, іш, жүрек-қан тамырлары, эндоскопиялық хирургия, микрохирургия және трансплантация саласында Қазақстан медицинасының дамуына елеулі үлес қосты. Медицинаға қосқан зор үлесі үшін көптеген медальдармен және ордендермен марапатталған: «Еңбек ардагері» медалі (1987), Кентукки штатының құрметті полковнигі (АҚШ) (1988), Халықаралық хирургтар қауымдастығының мүшесі (1988), «Отан» ордені (1995), Қазақстанның Халық Қаһарманы (1995), Нью-Йорк Ғылым академиясының мүшесі (1996), «ҚР ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» медалі (2001), «ХХІ ғасырдың 500 негізін қалаушылардың» алтын медалі (Кембридж, Англия, 2001), «Стратегиялық менеджмент үшін» медалі (Франция, 2002), «Кәсіп-Өмір» халықаралық сыйлығының лауреаты (2004), «Платина тарланы» (2005), ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, Алматы және Балтимор (АҚШ) қалаларының Құрметті азаматы. Шымкент және Ақтөбе мемлекеттік медициналық академияларында М. Әлиев атындағы стипендия тағайындалды. Оның есімімен көшелер мен Жетісай медициналық училищесі аталды.

«Ұлттық хирургияның алыбы» кітап көрмесі М.Әлиевтің өмірі мен қызметі туралы материалдарды ұсынады: энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар және ол туралы әдебиеттер. М. Әлиевтің жетекшілігімен 70 докторлық, 83 кандидаттық диссертация қорғалды. Ол көптеген кітаптардың авторы: «Пластика артерий при комбинированных лучевых поражениях» (1979), «Диагностическая и оперативная торакоскопия» (1988), «Диагностика и лечение повреждений пищевода» (1991), «Иммунитет в хирургии язвенной болезни» (1991), «Адекватность общей анестезии» (1992), «Клиническая микрохирургия» (1994), «Справочник хирурга» (1997), «Руководство по хирургии» (1997).

Кітап көрмесінің мақсаты – Ұлы қазақстандық хирург М.Әлиевтің өмірімен және  қызметімен таныстыру, оқырманға белгілі қайраткерді насихаттау.

 Кітап көрмесіне шақырамыз!