25 сәуірде Н. Дәулетова атындағы залда көрнекті қазақ жазушысы, қазақ интеллектуалды прозасының ірі өкілі, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы академияның академигі, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласы мен Атырау облысы Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Рахымжан Отарбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіштің тұсаукесері өтті.
Библиографиялық көрсеткіш ҚР Ұлттық кітапханасы мен «Рахымжан Отарбаев Руханият қоры» жеке қорымен бірлесіп шығарылды.
Іс-шараны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Атырау облысы Индер ауданының құрметті азаматы, Алматы қаласы «Еңбегі үшін» медалінің иегері Берғалиев Амантай жүргізіп, ҚР Ұлттық кітапханасы директорының ақпараттық технологиялар және инновациялар жөніндегі орынбасары Искалиева Нурия Аманғалиқызы құттықтау сөзбен ашты.
Ұлттық библиография қызметінің библиографы Нұрымбаева Жадыра слайд арқылы библиографиялық көрсеткішпен таныстырды. Көрсеткіштегі материалдар 1977 жылдан 2022 жылдың қараша айына дейінгі кезеңдегі жазушының кітаптары, әңгімелері, повестері, өлеңдері, пьесалары, аудармалары, әдеби сын-зерттеулері, мақалалары, баяндамалары, сұхбаттары, қатысуымен шыққан басылымдары және өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған еңбектерді қамтиды.
Сөз сөйлеген қонақтар: филология ғылымдарының докторы, профессор Әнес Ғарифолла, жазушы, режиссер, театртанушы Асылбек Ықсан, Атырау облысы әкімшілігінің өкілі Атырау облыстық Д. Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің басшысы Сартбаев Бақытбек, жазушы, сыншы Меңдеке Әмірхан, ақын, сыншы, көсемсөзші Мырзан Кенжебай, М. Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актеры Дайыров Еркебұлан, ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры Искаков Ілияс Башарұлы, ҚР кино қайраткері, киноактер Нұрлыбай Имашұлы Шаяхмет, әдебиетші, жазушының шәкірті Сержан Сәрсенбай, Қазақ радиосының ардагері Гүлжан Мұхамадиева.
Рақымжан Отарбаевтың ұлы Ермерей Ұлттық кітапхана қорына жазушының «Бас» романын сыйға тартып, ұжымға және келген қонақтарға алғысын білдірді.
Шара аясында Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясының студенті Хамидулла Шерхан Сәдіқожа Машанұлының «Сағынсаң қалқам өзің кел» атты әнін орындады.
Сондай-ақ ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан «Жалғыз атты жолаушымын» атты безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған жазушының көркем-публицистикалық шығармалары, Р. Отарбаевқа арналған мерзімді басылымдардағы мақалалар қойылды. Тұсаукесерде Р. Отарбаевтың отбасы ұсынған қысқаша деректі бейнежазба көрсетілді.
Іс-шараға қазақтың белгілі жазушылары мен ақындары, қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылар, Алматы және Атырау қалаларының зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар, оқырмандар және БАҚ өкілдері қатысты.
![]() |
![]() |
![]() |
![]() |
|||
![]() |
![]() |
![]() |
![]() |