+7 (727) 267-28-83

1мамыр

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О.Жандосов атындағы оқу залында Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының депозитарийі жанынан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Халықтың қуаты – бірлікте» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстан халқының бірлігі күні – бұл шынайы патриотизмнің, өз еліне деген адалдықтың және бабалар жеріне деген сүйіспеншіліктің мерекесі. Бұл мереке елімізде тұратын барлық ұлт өкілдерінің бірлігі мен келісімін көрсетеді.

Кітап көрмесінің мақсаты – оқырмандарды Қазақстан аумағында тұратын барлық этностардың тарихымен және қазіргі өмірмен таныстыру, сондай-ақ мәдениетін, дәстүрлері мен өнерін дәріптеу.

Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. Көрменің «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты бірінші бөлімі оқырмандарға ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан және Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Депозитарийінен: «Дружба – бесценное достояние», «Қазақстан халқы Ассамблеясы», «Спецпереселенцы Казахстана», «Из истории депортаций. Казахстан 1930-1935 гг.», «Из истории депортаций. Казахстан 1935-1939 гг.»  және т. б. кітаптарды ұсынады.

«Татулық туымыздың тірегі»  атты екінші бөлімде этностардың қазіргі өмірін, мәдениетін, дәстүрлері мен өнерін көрсететін кітаптар, сондай-ақ Қазақстанның этникалық топтарының, Қазақстан халқы Ассамблеясының достығы мен ынтымақтастығына арналған материалдар ұсынылған.   

Қазақстан – 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін көпұлтты ел. Қазақстан халықтары барлық ұлттар мен этникалық топтардың мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне құрметпен қарайды. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі байланыстарды нығайтуға, елде тұратын халықтың жетістіктерін көрсетуге арналған.

«Айналасына шуақ шашқан ұлттар» атты үшінші бөлімде түрлі ұлт өкілдерінің тарих кезеңдерінде өз жерінде қабылдаған қазақ халқына ризашылығын көрсететін материалдар жинақталған: «История и культура корейцев Казахстана», «Из истории немцев Казахстана», «Русские Казахстана», «Алматы – мен тұратын қала», «Менің Қазақстаным» және т. б.

 Кітап көрмесіне шақырамыз!