25-29 сәуірде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметінің жетекшісі Шоманова Аида Мұратқызы Ереван қаласындағы «Матенадаран» Ежелгі қолжазбалар институтында өткен «Лики памяти. Қолжазба және баспа мұрасын сақтау мен қалпына келтірудің соңғы технологиялары» атты ХІІ халықаралық семинарға қатысты.
Семинарды ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қорының қолдауымен Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.
А.М. Шоманова «Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасындағы бұрынғы қалпына келтіру жұмыстарынан сирек қордан алынған үлкен форматты құжаттардың консервациялық жұмыстарының заманауи әдістері» атты баяндама жасады. Баяндамада сирек қордың мерзімді басылымдарынан конденсаторлық қағазды алу бойынша консервациялау жұмыстарының әдістері қарастырылды.
Семинардың мақсаты – мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру саласында орын алып отырған мәселелерді талқылау және оларды шешу жолдарын табу. Семинар ғылыми-зерттеу жұмыстарына, дүниежүзілік жазба құжаттық қорының сақталуына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылау алаңына айналды.
Семинарға Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова және Ресей қалпына келтірушілері, қор сақтаушылары, ұлттық кітапханалар, мұражайлар қызметкерлері, мұрағатшылар, жоғары технология мамандары қатысты.
![]() |
![]() |