3-5 мамыр аралығында Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының мамандары Ұлттық кітапханасы базасында құрылған Каталогизатор мектебінде іс-тәжірибелік оқудан өтті.
Тыңдаушылар халықаралық және ұлттық құжаттармен, библиографиялық жазба құру ережелерімен, каталогтаудың негізгі қағидалары және қорды толықтыру, анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету, ұлттық библиография, цифрлық технологиялар, ғылыми-әдістемелік қызметтерінің жұмыстарымен танысты.
Тәжірибелік сабақтар барысында құжаттардың библиографиялық сипаттамасы, сонымен қатар мерзімді басылымдар мен жинақтардан ақпарат іріктеу және аналитикалық библиографиялық сипаттама жасау ережесі көрсетілді.
Оқыту ҚР Ұлттық кітапханасы әзірлеген Web-RABIS кітапханалық-ақпараттық жүйесінің 5 модулі бойынша жүргізілді.
Мамандарға құрылымдық бөлімдермен таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылып, біліктілікті арттыру курсын оқығандары туралы сертификаттар табысталды.
ҚР Ұлттық кітапханасы біліктілікті арттыру мақсатында барлық кітапхана мамандарын Каталогизатор, Жазба құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру мектептеріне оқуға шақырады.