Мерзімді басылымдар залында жазушы, ақын, аудармашы, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толуына орай «Аймауытов айшықтары» атты көрме ұйымдастырылды.
Мерзімді басылымдар залында жазушы, ақын, аудармашы, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толуына орай «Аймауытов айшықтары» атты көрме ұйымдастырылды.
Жүсіпбек Аймауытов – қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, драматургия мен романның негізін салушы, аудармашы, әдебиеттанушы, публицист. 1889 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол кедей отбасында өмір сүргенімен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан текті әулеттен шыққан елге сыйлы, білімді адамдар болған. Бала кезінен арапша сауат ашу, ұсталық, ағаш ою өнерін меңгерген.
Баянауыл орыс мектебінде, мемлекеттік ауылшаруашылық училищесінде, Керекудегі (Павлодар) екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқып, Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Жүсіпбек Аймауытов семинарияда оқып жүріп бір мезгілде қуғыншы, ұста, етікші болып, домбыра жасаған. Семинарист ретінде ол Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқа да қазақ зиялылары қайраткерлерімен бірге «Алаш Орда» жалпыұлттық партиясының жұмысына белсене қатысады.
Жүсіпбек Аймауытов – қазақ педагогикасы мен психологиясының негізін қалаушылардың бірі. Педагогика, психология, этика бойынша оннан астам кітаптың, жүздеген ғылыми басылымдардың, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Олардың кейбіреулері: «Тәрбиеге жетікші» (Орынбор, 1926 ж.), «Дидактика», «Психология» (Ташкент, 1927 ж.), «Сабақтың комплексті жүйесінің әдістері» (Қызылорда, 1929 ж.), «Жан жүйесі жаңа өнер таңдау» (Москва, 1929 ж.) т.б.
Жүсіпбек Аймауытовтың алғашқы мақалалары 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланды. 1918 жылы М.О.Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығарды.
1929 жылы Жүсіпбек Аймауытов қуғын-сүргінге ұшырап, 1931 жылы атылды.
Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, әр жылдары жазылған шығармалары, қоғам қайраткерлерінің мақалалары мен ақын-жазушылардың ол туралы мерзімді басылым беттерінде жарияланған естеліктері ұсынылған.
Көрмеге шақырамыз!