+7 (727) 267-28-83

бук фэйр гл

2024 жылғы 15-17 мамырда ҚР Ұлттық кітапханасында «Qazaq Book Fair» ауқымды кітап көрме-жәрмеңкесі өтті.

Шараны ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен «Фолиант» баспасы.

Көрме-жәрмеңкесінің мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, кітапқа деген қызығушылықтарын ояту, отбасылық кітап оқуды насихаттау, жастардың кітап оқу талғамын қалыптастыру.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты 3-ші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз, ең алдымен, жастарды оқуға деген сүйіспеншілікке баулуымыз керек. Тек осылай ғана біз оқырман ұлт боламыз. ...Біздің ұлтымыздың алға жылжуының ең маңызды қадамдары – кітаптар. Сондықтан біз жоғары оқу мәдениетін қоғамға дәйекті түрде енгізуіміз керек» деп атап өтті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының фойесінде «Фолиант», «Qasym  баспа үйі» және «Книжный клуб» баспалары қатысқан кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды.

«Фолиант» – баспа индустриясында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпсалалы қазақстандық баспа. Баспа жыл сайын жүздеген әлемдік үздік туындыларды қазақ тіліне аударып, басып шығарады. «Фолиант» ассортиментінде қазақ әдебиетінің жауһарлары, әлемдік классика, ғылыми-танымдық еңбектердің сан мың түрі бар.    

«Qazaq Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесі үш күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады: жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары.