2024 жылғы 26 қыркүйекте ҚР Ұлттық кітапханасында қазақстандық фотожурналистиканың негізін қалаушылардың бірі, белгілі фототілші Сайлау Пернебаевтың 85 жылдығына орай жеке шығармашылық фотоархивінен 85 тарихи тұлғаның фотосуреттерін ҚР Ұлттық кітапханасына сыйға тарту рәсімі өтті.
Салтанатты шараның ұйымдастырушылары: ҚР Ұлттық кітапханасы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі және Сайлау Пернебаевтың отбасы.
Шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Қ. Оспанова ашып, Сайлау Пернебаевтың өмір жолына, шығармашылығына тоқталып, автордың жарты ғасыр бойы түсірген еңбектері, жалпы саны 85 фото мен «Ақ пен қара» кітаптары үшін өз алғысын айтты.
Салтанатты рәсімінде С. Пернебаевтың жары Назипа Пернебаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мәди Артығалиев, Үмбетбай Уаидинұлының жары Марям Алданова, Сайлау Пернебаевтың шәкірті Асылхан Абдраймұлы, «Қазақ» және «Шалқар» радиоларының ардагері, қазақтың қоңыр үнді дикторы Аманжан Еңсебайұлы және т.б. Сайлау Пернебаев туралы естеліктерімен бөлісті.
Қатысушылар: ақындар мен жазушылар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, студенттер мен кітапхана оқырмандары және т.б.