2024 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық кітапханасының тұңғыш директоры Жандосов Ораз Қиқымұлының 125 жылдығына арналған «Ораз Жандосовтың тарихи тұлғасы және қоғамдық-саяси қызметі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстанның қалыптасуына баға жетпес үлес қосқан қазақ халқының біртуар ұлы Ораз Қиқымұлы Жандосовтың еңбек жолы мен тағылымы мол тұлғасын насихаттау және дәріптеу болып табылады.
Іс-шараны модератор – алаштанушы-ғалым, балалар жазушысы, әдебиет сыншысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елдос Тоқтарбай жүргізді.
Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрағасы Б.Қ Оспанова ашып, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Н.Б.Жүсіп;; Алматы қаласының Мәдениет басқармасының басшысының орынбасары А.Б. Халбеков; Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қ.С. Бегманов; Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Н.М.Теңізбаев; Оразалы Жандосовтың қызы Р.О. Жандосова және ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Білім және қоғамды дамыту орталығының басшысы Ж.М. Төлен құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қайраткердің қоғамдық қызметі мен журналисттік қырына ерекше тоқталды. Ол: «Ораз Қиқымұлының есімі қазақ журналистикасының тарихында алтын әріптермен жазылды. Оның алғашқы қалам тербеген публицистикалық мақалалары өз заманының тарихын суреттейді», – деген пікір білдірді, ал көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Ораз Жандосов пен Мұстафа Шоқай туралы мәліметтерімен бөлісті.
Пленарлық отырыста ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы М.Қ. Қойгелдиев; Ресей Ғылым академиясы А.М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты О.В. Шуган; тарих ғылымдарының докторы, Өзбекстан Республикасы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің бас ғылыми қызметкері Б.Ш. Ирзаев; саяси ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президенті Архивінің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Г.Р.Нұрымбетова; Әлемдік экономика және саясат институтының маманы С.М. Әкімбеков; тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Д.Б. Кыдырбекұлы; тарих ғылымдарының докторы, ҚР Президенті Архивінің Қолданбалы және ғылыми жобалар орталығының басшысы Қ.Ш. Әлімғазинов баяндама жасап, Ораз Жандосовтың өмірі мен республиканың мемлекеттік басқару жүйесін құрудағы, білімді, гендерлік саясатты қалыптастыру мен дамытудағы, жер-су реформасындағы рөлі және оның саяси, қоғамдық және халықаралық қызметтегі ерекше үлесі туралы айтып өтті.
Сонымен қатар, Тараз қаласынан арнайы келген Ораз Жандосовтың інісі Оразалы Жандосовтың қызы Раиса Оразалықызы біраз ақпаратпен бөлісті.
Халықаралық ғылыми конференцияға Өзбекстаннан арнайы келіп қатысқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Бахром Ирзаев Өзбекстандағы архив мәліметтері негізінде Жандосов туралы тың деректерін ортаға салды. Ресейден арнайы келген филология ғылымдарының кандидаты Ольга Шуган ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ интелегенциясы және Ораз Жандосовтың мемелекеттік қызметі туралы көлемді баяндамасын оқыды.
Көрнекті тарихшы, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев Ораз, Оразалы Жандосовтардың өмірі мен қоғамдық қызметі жайлы деректерін ортаға салды. ҚР Президенті Архивінің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Гүлшат Нұрымбетова, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Президенті Архивінің қолданбалы және ғылыми жобалар орталығының басшысы Қайрат Әлімғазинов Жандосовтың қызмет еткен жылдарына байланысты архивтік материалдар негізінде тың ақпараттарын көпшілік назарына ұсынды. Халықаралық ғылыми конференцияда баяндама оқыған өзге де ғалымдар жандосовтануға айтулы жаңалықтарын қосты.
Ораз Қиқымұлының туыстары мен ұрпақтары атынан немересі – қоғам қайраткері, белгілі экономист Ораз Әлиұлы Жандосов сөз сөйлеп, алғысын білдірді.
Шара аясында «Qyrbalasy» қоғамдық қорының президенті, ҚР Ұлттық кітапханасының маманы Абайхан Жанболат «Қайраткер Ораз Жандос: өмірі және қоғамдық саяси қызметі» атты кітаптың және ҚР Ұлттық кітапханасының Ұлттық библиография қызметінің библиографы Рахимова Айбарша «Ораз Жандосов. 1899-1938» библиографиялық көрсеткішінің таныстырылымын жасап, аталмыш кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. О.Қ.Жандосовтың өмірі мен қызметі туралы «Жалындаған күрескер» атты деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық кітапханасының, ҚР Президенті Архивінің және ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорынан «Ұлтым деп өткен қайраткер» атты кітап және музей құжаттарының көрмесі, гимназист Ораз Жандосовтың 1917 жылы «Садақ» журналына дайындаған графикалық жұмыстары ұсынылды.
Қатысушылар: мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Алматы қаласының архив және музей қызметкерлері, О.К. Жандосовтың туыстары мен ұрпақтары, Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары, БАҚ өкілдері және т.б.