2024 жылғы 15 қазанда ҚР Ұлттық кітапханасының Үлкен залында ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Бердібектің биігі» атты еске алу кеші және «Таңдамалы», «Ағасы мен қарындасы» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Ұйымдастырушылар: ҚР Ұлттық кітапханасы, Алматы облысының әмбебап кітапханасы, «Балдырған» журналы, Алматыдағы «Қазақ» және «Шалқар» радиолары.
Шараның модераторы ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақ радиосы» және «Шалқар радиосы» Алматы филиалының бас редакторы Бақыт Жағыпарұлы болды.
Шарада ҚР Президентінің кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы құттықтау сөз сөйлеп, Ұлттық кітапхана қорына жазушының 100 жылдық мерейтойы аясында әзербайжан тіліне аударылған «Менің атым Қожа» кітабын сыйға тартты.
Сонымен қатар, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Н. Оразалин; Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғ. А. Майлыбаев; әдебиет сыншысы, ф.ғ.д., Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Б. Ыбырайым; Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиеті секциясының жетекшісі Н. Ақыш; балалар жазушысы, республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы Д. М. Мағлұмов сөз сөйледі.
Шарада Алматы облысы әкімдігінің және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен жарыққа шыққан «Таңдамалы» жинағы, Б. Соқпақбаевтың «Балдырған» журналында жарық көрген шығармаларының топтастырылған «Ағасы мен қарындасы» жинағының және ҚР Ұлттық кітапханасы дайындаған «Бердібек Соқпақбаев (1924-1991)» атты библиографиялық көрсеткішінің тұсаукесер рәсімі жасалды.
Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Б. Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Бердібектің биігі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Бердібектің ауылына саяхат» атты деректі фильм көрсетілді.
Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова және Алматы облысы Райымбек аудандық мәдениет үйінің әншілері өнер көрсетті. Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері мен Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының оқушылары Б. Соқпақбаевтың өлеңдері мен шығармаларынан үзінділер оқыды.
Қатысушылар: ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, студенттер мен оқушылар, БАҚ өкілдері және т.б.