Өнер бөлімінің оқу залында Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, күйші, домбырашы, зерттеуші Уәли Қалиақпарұлы Бекеновтің туғанына 90 жыл толуына орай «Күй кеңітер көңілдің көкжиегін» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Уәли Қалиақпарұлы Бекенов 1934 жылы 15 қарашада Қытайда, Шыңжаң өлкесі Үрімжі ауданының Саршоқы өнірі, Ақтерек ауылында дүниеге келген.
Үрімжіде мұғалімдер гимназиясын (1951), Семей музыкалық училищесін (1956), Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген (1965). 1951 - 1952 жж. Шыңжаң ән-би ансамблінде, 1952-1955 жж. Пекиндегі орталық ұлттық ән-би ансамблінде өнер көрсетті. Консерваторияны бітірген соң, Қазақстан Білім министрлігі ғылыми-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі болып қызмет атқара жүріп, Арқаның, Қаратау өңірінің шертпе күйлерін жинақтап, нотаға түсірді. 1981 жылдан Республикалық музыка мектебінде ұстаздық етті. «Күй көтерер көңілдің көкжиегін» (1975), «Шертпе күй шеберлері» (1977), «Өркен жайған қобыз өнері» (1980), «Күй табиғаты» (1981), «Тәттімбет. Саржайлау» (1988), «Аспаптау» (1989) және т.б. кітаптары жарық көрді. «Жеңгей сүйер», «Ерен толғау», «Күй аңсағай», «Боздағым» атты күйлері бар. Шертпе күй терминін қолданысқа енгізген.
У. Бекенов 1984 жылы ақын Ғ. Сармурзиннен «Торыжорға», «Май түні» күйлерін жазып алып, нотаға түсірді.
Көрменің мақсаты – оқырмандарды Уәли Қалиақпарұлы Бекеновтің өмірімен және шығармашылық жолымен таныстыру, өнерге деген қызығушылықтарын арттыру.
Кітап көрмесіне ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан У. Бекеновтің өмір жолы туралы жазбалар, кітаптар мен мерзімді басылымдар, күйтабақтар ұсынылған.
Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!