Қазақстан кітаптары қызметінің О.Жандосов атындағы оқу залында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік және саяси қайраткер Кекілбаев Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына арналған «Тамыры терең қаламгер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда күні Маңғыстау облысының Оңды ауылында дүниеге келген. 1957 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады.
Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді. 50-ге тарта кітап жазған қаламгердің тарихи «Үркер», «Елең-алаң» романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Ал, «Аңыздың ақыры», «Бір шөкім бұлт», «Күй», «Бәйгеторы», «Шыңырау», «Бәсеке», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты», «Бір шоқ жиде», «Шеткері үй» туындылары да қазақ әдебиетіне түскен ерек шығармалар.
1962 - 1965 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болды. 1965-1968 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрлігінде, 1968-1970 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет атқарады.
1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі ретінде екі рет (01.1993-03.1994 жж. және 04.1995-12.1995 жж.) сайланады. Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметтерін атқарды.
Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім: «Кемел тұлға келбеті» Ә. Кекілбаевтың өмірі мен қызметі туралы материалдармен таныстырады: энциклопедиялар, библиографиялық анықтамалықтар және қаламгер туралы әдебиеттер.
«Ғаламның үні – кемеңгер сөзі» атты екінші бөлімде оқырмандар Ә. Кекілбаевтың «Алтын шуақ» (1962), «Бір шөкім бұлт» (1965), «Дәуірмен бетпе-бет» (1974), «Бір уыс топырақ» (1974), «Тырау тырау тырналар» (1979), «Шыңырау» (1982), «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) және т.б. шығармалары топтастырылған. Туындылары қазақ, қырғыз, орыс, өзбек, неміс, испан, поляк, түрік, ағылшын және басқа тілдерде жарық көрген.
Көрменің «Аңызға айналған Абыз» атты үшінші бөлімінде Қазақстанның белгілі жазушыларының Ә. Кекілбаев туралы естеліктері ұсынылған. Мәселен: «Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарих тағылымы» (2007), «Тұлға туралы толғамдар» (2011), «Түбекке танымал тұлғалар» (2012), «Қашаған – сөздің дүлдүлі» (2013), «Кестелі сөз кемеңгері» (2013), «Сондай да бір күн болған, сондай да бір түн болған» (2015), «Әбіш жолы. Әбіш тағылымы» (2017), «Абыз Әбіш» (2022) және т. б.
Кітап көрмесінің мақсаты – Ә.Кекілбаевтың шығармашылық жолымен таныстыру және дәріптеу, Қазақстан әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан жазушының тұлғасын оқырман қауымға насихаттау.
Кітап көрмесіне шақырамыз!