+7 (727) 267-28-83

тараз гл

13 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы, «Құрмет» орденінің иегері Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы және Қорларды сақтау қызметінің жетекшісі Бектұрбекова Фатима Құралбекқызы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Тараз қаласының кітапханашы мамандарымен кездесті.

Бұл кездесу Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Т. Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесімен бірлесе ұйымдастырған «Кітапхана және өңірдің мәдени кеңістігі»кітапханалық конвент аясында өтуде.

Кездесуде ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызымен «Заманауи қоғамдағы кітапхана миссиясы» атты шеберлік сыныбы өтті. Бақытжамал Қайырбекқызы өзінің кітапхана саласындағы біліктілігімен бөлісіп, саланың дамуы, қарқындауы, әлемдік деңгейде Қазақстан кітапханашыларының орны және жеткен жетістіктері туралы сөз қозғап, салада болып жатқан оң өзгерістер, соның ішінде «Кітапханашылар күні», «Ұлттық кітап күні» туралы атап өтті.

Тараз қаласындағы кітапхана қызметкерлерімен өткен бұл кездесуде кітапханашылар кітапхана саласының дамуы, кітапханашы мамандығының мәртебесінің биік болуы мақсатындағы көптеген маңызды сұрақтарын қоя отырып, сұрақ-жауап алмасты.

Шеберлік сыныбына Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы және Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері қатысты.

Шара барысында Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы Жамбыл облысының бірқатар кітапханашыларын Ұлттық кітапхананың «Кітапхана ісінің үздігі», «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгілері мен Құрмет грамоталарымен және Қазақстандық Кітапханалық Одақтың «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапаттады.

Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына «Кітапхана – білім бұлағының кәусәр көзі» атты тақырыпта экскурсия жасалып, кітапхананың тарихы мен құрылымдылық бөлімдерінің жұмысы баяндалды.

тараз 1   тараз 2   тараз 3   тараз 4