2024 жылғы 14 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында авторлар ұжымының құрастыруымен жарық көрген «Қазақ» тарихи-философиялық зерттеулер кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Оқырман қауымға екінші рет жол тартқан «Қазақ» кітабы осыдан отыз жыл бұрын ауқымды таралыммен жарық көрген танымдық кітап. Ел тәуелсіздігі қайта тіктеліп, қалпына келтіріліп жатқан өліара шақта бұғаудан босаған ел санасына сілкініс, жалпы қоғамға серпіліс беру мақсатында көрнекті философ Ағын Қасымжанов, тұңғыш антрополог Оразақ Смағұлов, әйгілі зерттеуші-ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек сынды бірқатар ұлт ұстындарымен бірлесіп «Қазақ» атты тарихи-философиялық тұрғыдан жан-жақты зерттеулерді топтастырып, «Білім» баспасынан 55 000 таралыммен шығарады.
Кітаптың мазмұны тарихи-философиялық зереттеулерден тұрады. Қазақ ұлтының тарихы, этнографиясы, әдебиеті, философиясы, мифологиясы және бүгіні мен болашағынан сыр шертетін танымдық кітаптың екінші басылымында жаңа авторлардың да зерттеулері енгізілгендігі жөнінде кеш мадортары кеңінен тоқталды.
Шараны модератор - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия кафедрасының меңгеруші, ф.ғ.к., доцент Әсет Абайұлы Құранбек жүргізді.
Шарада «Қазақ» атты тарихи-философиялық зерттеулер кітабының бас редакторы, фарабитанушы-ғалым, ф.ғ.д.,«Парасат» орденінің иегері Жақыпбек Алтаев; әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің деканы, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Бекжан Мейірбаев; ф.ғ.д., әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия кафедрасының профессоры, Тұрсын Ғабитов; ф.ғ.д., әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия кафедрасының профессоры, Дәулетбек Раев; ф.ғ.д., профессор Анар Салқынбай, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуірбек Рузидинов, ардагер диктор, ҚР Мәдениет қайраткері Аманжан Еңсебайұлы, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Нұржан Құлымжанов сынды зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі.
Тұсауы кесілген «Қазақ» кітабының бес данасы кітапхана қорына табысталды.
Тұсаукесер кешіне Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ұстаздары мен студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.