«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ерлік пен махаббат жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда Семей облысы Жарма ауданында дүниеге келген. Жас ақын Алматыдағы тау-кен институтын бітіріп, Семейдегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түседі, кейін Н. Крупская атындағы педагогикалық институтта оқыды.
1940 жылы Семей облысы Жарма ауданындағы орта мектепте мұғалім болды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда 19 жасар Әзілхан Қызыл Әскер қатарына шақырылады. Соғыста 100-ші қазақ атқыштар бригадасының құрамында командир болды. Калинин, 2-Балтық түбегі, 1 және 2 Беларусь майдандарында шайқасты.
Соғыстан кейін Ә.Нұршайықов С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университетті бітіргеннен кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында еңбек етеді. 1953-1956 жж. ̶ Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы, 1963-1965 жж. – республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері болды. 1968 жылы Қазақ совет энциклопедиясының жаңадан ашылған редакциясында тіл, әдебиет және фольклор редакциясының меңгерушісі болды. Энциклопедияның бірінші томдарын шығаруға атсалысып, жүзге жуық энциклопедиялық мақалалар жазды.
Ә.Нұршаихов ұзақ жылдар журналист болып қызмет етті. Ол журналистік қызметімен қатар әдеби еңбекпен де үздіксіз айналысты. Жазушының шығармашылық стилі бірте-бірте дамыды. Ұзақ жылғы шығармашылық жемісті еңбегі үшін Ә.Нұршайықов «III дәрежелі Даңқ», «II дәрежелі Отан соғысы», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Парасат», «Отан» ордендерімен және «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. «Қазақ КСР халық жазушысы» құрметті атағын алған.
2016 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» оқу залында халық жазушысының есімін мәңгі есте қалдыру және оның шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында мемориалдық кабинет ашылды. Мұнда үй кеңсесінің интерьері, жазушының жеке заттары сақталған.
Көзі тірісінде 40-тан астам кітап шығарды. Аты аңызға айналған Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы туралы «Ақиқат пен аңыз» романы үшін автор Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (1978).
«Ерлік пен махаббат жыршысы» кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады «Өмірі мен өнегесі» атты бірінші бөлімді Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен қызметі туралы энциклопедиялар, библиографиялық анықтамалықтар, әдебиеттер құрайды. «Әдебиеттегі дара тұлға» атты екінші бөлімде халық жазушысының атақты шығармалары: «Тоғыз толғау», «Автопортрет», «Таңдамалы шығармалар жинағы», «Жамбылға хат: Әскери естеліктер», «Қаламгер және оның достары», «Өмір өрнектері: Әдеби күнделіктер», Махаббат қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Мәңгілік махаббат жыры» және т.б. көркем шығармалары оқырмандарға ұсынылады. «Халық алқалаған Әз-аға!» атты үшінші бөлімде жазушы туралы жазылған әдебиеттер мен естеліктер: С. Қалқабаева, «Әзілхан Нұршайықов прозасындағы адамгершілік ізденістер», Р.Тұрысбек «Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық мұрасы» және тағы басқа мерзімді басылым беттеріндегі ол туралы мақалалар қойылған.
Көрменің мақсаты – оқырмандарды қазақ әдебиетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан көрнекті қазақ жазушысы Ә.Нұршайықовтың шығармашылығымен және қоғамдық қызметімен таныстыру.
Кітап көрмесіне шақырамыз!