Әлем әдебиеті залында «2025 жыл – Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
2024 жылғы 21 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 78-ші сессиясының 63-ші пленарлық отырысында Түркіменстанның бастамасымен 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылы деп жариялайтын қарар қабылданды.
Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын өткізудің мақсаты - халықаралық қоғамдастықты саяси диалог, өзара түсіністік және ынтымақтастық негізінде мемлекеттер арасындағы қатынастарда бейбітшілік пен сенімді нығайту жөніндегі қызметке жұмылдыру.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2025 жылға жариялаған Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылы халықаралық қатынастарды нығайтуға, мемлекеттер мен халықтар арасындағы бейбітшілікті, әлеуметтік келісімді және өзара сенімді ілгерілетуге бағытталған маңызды жаһандық бастама болып табылады. Бұл бастама бейбіт, дипломатиялық және кооперативтік тәсілдер арқылы қарулы қақтығыстар, экономикалық теңсіздік, гуманитарлық дағдарыстар және климаттың өзгеруі сияқты жаһандық сын-қатерлерді шешу қажеттілігін көрсетеді.
Кітап көрмесінің негізгі мақсаты - кітаптар мен әдебиеттер арқылы бейбітшілік, сенім, өзара түсіністік және адамдар мен халықтар арасындағы ынтымақтастық идеяларының таралуына ықпал ету.
«2025 жыл – Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы» кітап көрмесінде әртүрлі басылымдар: қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі энциклопедиялар, альбомдар, кітаптар, монографиялар және мерзімді басылымдардағы материалдар (барлығы 60 дана) ұсынылған. Көрме бейбітшілікке, адам құқықтарына, толеранттылыққа, дипломатияға және жаһандық сын-қатерлерге қатысты негізгі тақырыптарды қамтитын кітаптармен танысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, үйлесімді және әділ әлем құруға бағытталған әртүрлі жанрлар мен бағыттардағы әдебиеттерді ұсынады.