Өнер бөлімінің оқу залында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдығына арналған «Шуағын төккен өрнектер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы 1935 жылы құрылған. Оның алғашқы көркемдік жетекшісі көрнекті ғалым, композитор А. Жұбанов болды. Филармонияның дамуына Е. Брусиловский, А. Затаевич, Д. Нұрпеисова, Ж. Қаламбаев, Ж. Елебеков,Қ. Бабақов, М. Ержанов, Ш. Жиенқұлова және т.б. үлес қосты. 1938 жылдан бері филармония белгілі қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың есімімен аталады. Қазақ мемлекеттік филармониясында жоғары кәсіби деңгейде классикалық және заманауи музыкалық шығармалардың үздік үлгілері, халық музыкасының бай мұрасы орындалады.
Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының сахнасында Ж. Әубәкірова, А. Мұсаходжаева, Г. Мырзабекова, Г. Молдакәрімова және т.б. өнер көрсетті.
Бүгінде оның құрамында: Қазақстанның мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, Б. Байқадамов атындағы хор капелласы, Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық академиялық оркестрі, Мемлекеттік «Орындаушылар академиясы» камералық оркестрі, Ғ. Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті квартет, Мемлекеттік ағаш үрмелі аспаптар квинтеті, Қазақ мемлекеттік академиялық ән- би ансамблі бар.
Бүгінде Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының концерттік маусымдарына Қазақстан, Ресей, Еуропа және Азия атақты музыканттары, ең үздік музыкалық ұжымдар қатысады. Оның концерттік залдарында халықаралық фестивальдар мен байқаулар өтеді. Филармония қазақ халық музыкасына ерекше көңіл бөледі. Алматыда жыл сайын өтетін дәстүрлі музыканың халықаралық фестивальдарындағы лық толы зал мен жұртшылықтың үлкен әсер алуы, оның заманауи тыңдармандарға сұранысы мен қажеттілігін дәлелдейді.
Көрме екі бөлімнен тұрады. «Филармонияның өсу жолы» атты бірінші бөлім Қазақ филармониясының өмірбаяндық ақпараты мен тарихын қамтитын әдебиеттерді ұсынады: «Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы. Том-5. К-Қ», «Қазақ өнері энциклопедия», П. Момынұлы «Қазақ музыкасының қысқаша тарихы. II», М. Ахметова «Советтік қазақ музыкасы», М. Ахметова «Традиции казахской песенной культуры», К. Сахарбаева «Домбыра-күй дәстүр-даму», «Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы», М. Өтеуов «Ғасырдан-ғасырға» және т.б.
«Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы-бүгінгі» атты екінші бөлімде музыкалық шығармашылығы, көрнекті музыканттар мен ұжымдар, сондай-ақ филармонияның қазіргі жетістіктері туралы әдебиеттер: кітаптар, ноталық басылымдар, белгілі қазақ әншілері мен музыканттарының орындауындағы күйтабақтар, CD-дискілер ұсынылған. Олардың қатарында: М. Әмзе «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы»; О. Кырғызбаев «Қобызшы Жаппас Қаламбаев»; Б. Қожырұлы «Қазақ елінің атақты музыка өнерпаздары»; «Нұрғиса Тілендиев. Кітап-альбом»; Е. Мүсіреп «Әлемге әйгілі оркестр»; Б. Гизатов «Казахский оркестр имени Курмангазы»; «Концерты народной артистки Казахской ССР Жамал Омаровой», «Концерты ансамбля народной артистки Казахской ССР Шара»; Д. Жумабеков «Выдающиеся исполнители и деятели Казахстана», «Қазақ әндері».
«Шуағын төккен өрнектер» көрмесінде Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы туралы 100-ден астам түрлі ақпарат көздері қойылған.
Көрменің мақсаты - оқырмандарды Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының тарихымен және дамуымен таныстыру.
Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз.