2024 жылғы «Кітап & Кітапхана. Книга & Библиотека. Book & Library» кәсіби – сараптамалық журналының кезекті №4 саны жарыққа шықты.
24 қазан – Кітапханашылар мерекесі күніне орай ҚР Ұлттық кітапханасында ұйымдастырылған іс-шара және 9-10 қазан күндері Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен республикамыздағы кітапхана ісін оңтайландырудың мәселелері қарастырылатын Қазақстандық Кітапханалық Одақтың көшпелі отырысының алқалы бас қосуы туралы ақпаратпен журналымыздың «Кітапханашы күнделігі» айдарында танысасыздар.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық кітапхананың тұңғыш директоры Ораз Қиқымұлы Жандосовтың туғанына 125 жыл толуына арналған халықаралық конференция және «Жандосов феномені» атты мақала «Ұлт мақтанышы» айдарында қайраткердің жарқын тұлғасын дәріптеген, сондай-ақ, көрнекті халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық деңгейде аталып өтілген конференция туралы «Тарих және тұлға» айдарында мағлұмат оқи аласыздар.
Жазушының жаңа романы» атты жаңа айдармен жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Жүнісбектің «Күнге асығу. Абай-Заманай сыры» роман-новелласына автордың жазған алғы сөзін Сіздердің назарларыңызға ұсындық.
«Кітапхана жаңа уақыт үрдісінде» және «Заманауи кітапханалар. инновациялар» айдарында ғалымдар мен кітапханашылардың жасанды интеллекттің кітапхана саласында пайдаланудың артықшылығы мен келеңсіз тұстары, медиа сауаттылық жайлы іс-тәжірибелері мен пікірлері, еліміздегі ауыл кітапханаларының жағдайы мен өзара тәжірибе алмасуға ықпал етуі жайында, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханалардың жай-күйі, шығармашылық және жаңашылдық жетістіктері, жас кітапханашылардың дәстүрге айналған іскерлік кездесу, әдеби байқаулардың нәтижелері туралы мақалалармен таныс боласыздар.
Журналымыздың «Айтулы күн» атты жаңа айдары 2024 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне - 80 жыл, Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына – 90 жыл толуына байланысты жылнамаларға арналды.
Кітапхана ісінің ардагерлерін ұлықтаған мақалалар да назардан тыс қалмады.
2024 жылы «Бір ел- бір кітап» акциясы аясында аталып өтілетін қазақ прозасына өзгеше шеберлігі мен көркемділік бояуын жеткізген Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай жазушының үздік туындыларын насихаттау - ұрпақ парызы екендігін «Бір ел – бір кітап» айдарында және зағип жандардың өміріне қажетті дыбысытық сигналдың көмегімен кеңістікте еркін қозғалып, айналадағы нысандардың орнын анықтайтын құрал ойлап тапқан азамат туралы «Тең мүмкіндіктер қоғамы» айдарынан оқи аласыздар.