14 ақпанда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасы Рустам Али арнайы келді.
Комитет төрағасы Рустам Али Ұлттық кітапхананың директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызының құрметті еңбек демалысына шығуына байланысты Министр Аида Балаеваның алғыс хатын табыстап, Бақытжамал Қайырбекқызының кітапхана саласының майталман маманы ретінде ұлт руханияты мен мәдениетіне сіңірген зор еңбегін атап өтіп, алғысын білдірді.
45 жылдан астам еңбек жолын кітапхана ісінеарнаған және 2019 жылдан бастап Ұлттық кітапхананы басқарып келе жатқан Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы кітапхана саласының қыр-сырын білетін кәсіби маман ретінде кітапхананы жаңа деңгейге көтерді.
Өзін жұмысқа шығармашылық тұрғыда қарайтын және дүниетанымдық қабілеті жоғары білікті басшы ретінде Ұлттық кітапхананың және еліміздің кітапхана саласының заманға сай дамуына, ұлттық кітапханалық қорды толықтыруға және ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, пайдаланушыларға неғұрлым жоғары сапалы қызмет көрсетуге, әлемдік ақпараттық-кітапханалық кеңістікте Ұлттық кітапхананың беделін арттыруға, әріптестік іскерлік байланыстар орнатуға күш салды.
2019 жылдан бастап Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы ретінде еліміздің көпшілік кітапханаларының ортақ мәселелерін шешуге және мүдделерін қорғауға, олардың кәсіби бастамаларын қолдауға, сондай-ақ кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеруге ықпал етті.
Бақытжамал Қайырбекқызы бойына сіңген табандылығы мен рухани қайраттылығы мен қиындықтың бәрін еңсеріп, алға қойған мақсаттарға жете білді.
Қажырлы еңбектің нәтижесінде елдің алғысына бөленіп, адамдарды баурап алатын адамгершілігі мол қасиеттерімен айрықша абыройға ие болып, құрметке бөленген ардақты тұлға.
Комитет төрағасы Рустам Али, сонымен қатар, Ұлттық кітапхананың жаңа басшысы Нұрғалиева Ғазиза Құдайбергенқызын кітапхана ұжымына таныстырды.
![]() |
![]() |
![]() |