Бүгін Цифрлық технологиялар қызметінің жетекшісі Шуленбаева Айтолқын Нұрсағатқызы мен Ақпараттық ресурстар қызметінің жетекшісі Сыдықжанова Флора Өскенбайқызы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырған «Цифрлық кітапханалар және білім болашағы: эволюция, қолжетімділік және қоғамға әсері» тақырыбындағы онлайн-вебинарға қатысты.
Вебинарға республикалық, облыстық кітапханалардың, орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің мамандары және электронды кітапхана бойынша жетекші мамандар қосылды.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының Ақпараттық ресурстар және жастар саясаты жөніндегі орынбасары Жолдыбалинов Нұржан Нұрланұлы модератор ретінде электронды кітапхананың қазіргі таңдағы өзектілігіне тоқтала отырып, осы бағыттағы жұмысты бірлесіп жандандыруға шақырды.
Сондай-ақ, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Электронды ресурстарды басқару қызметінің жетекшісі Жакупова Айтоты Бакиқызы барлық қатысушы-кітапханалардың ҚазҰЭК (КазНЭБ) қорын толықтырудағы үлестеріне тоқтала келе, танытып отырған белсенділіктері үшін алғысын білдірді.
Вебинар барысында бірқатар облыстық, қалалық, аудандық кітапханалар мамандары өздерінің электронды кітапханаларын таныстырып, өлкетану жұмыстарын ұсынды. Соңында қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер төңірегінде ой-пікірлерімен алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.