+7 (727) 267-28-83

Ерекше

2025 жылғы 21–23 сәуір аралығында, Ұлттық кітап күні мерекесі аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің оқу залында «Қазақ кітабының сырлы шежіресі» және «Ерекше әлем» атты сирек басылымдар көрмесі қойылды.

«Қазақ кітабының сырлы шежіресі» көрмесінде қазақ жазба мұрасының тарихи дамуына айрықша үлес қосқан, мәдени маңызы жоғары сирек басылымдар таныстырылды. Атап айтқанда, Бабыр Захир ад-дин Мұхаммедтің Бабырнамасы (1857), Әбілғазы Баһадүрханның Шежіре-и түрік (1871), Ыбырай Алтынсариннің Киргизская хрестоматиясы (1879) мен Мұсылманшылықтың тұтқасы (1884), Ахмет Байтұрсыновтың Әдебиет танытқышы (1926) сынды сирек кездесетін еңбектермен қатар, тағы 40-қа жуық тарихи басылым оқырман назарына ұсынылды.

«Ерекше әлем» көрмесінде пішіні мен мазмұны жағынан ерекше сипаттағы кітаптар қойылды. Көрмеде ХІІ ғасырдағы куфи жазуымен жазылған ең көне Құран Кәрім, XVII ғасырдағы Триодь цветная (қалыңдығы 17 см), ХХ ғасырдың басындағы қазақ комикстері, 1904 жылғы Утвержденная грамота (өлшемі 90×68 см), XVI ғасырдағы алтын иллюстрациялармен безендірілген Інжіл және ұзындығы 10,8 метрге жететін Ногаку Зуэ (1898 ж.) сияқты мазмұндық және пішіндік ерекшеліктерімен танылған 30-ға жуық сирек басылым ұсынылды.

Көрме аясында келушілер қазақ халқының бай жазба мұрасы мен кітап басу тарихына терең үңілуге мүмкіндік алып, ұсынылған туындылардың тарихи және ғылыми құндылығын жан-жақты таныды.