TELEPHONE FOR INFORMATION: +7 (727) 267-28-83

25.07.2022 - 25.08.2022

Title:
Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығына арналған «Саз өнерінің саңлағы - Еркеғали Рахмадиев» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Date:
25.07.2022 - 25.08.2022
Location:

Description

Өнер бөлімінің оқу залында сазгер, КСРО халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор,қазақ музыкасы симфониялық күй жанрының негізін салушылардың бірікөрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығына арналған «Саз өнерінің саңлағы - Еркеғали Рахмадиев» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

Көрменің мақсаты – оқырман қауымға композиторЕркеғали Рахмадиевтіңөмірі мен шығармашылығын, еңбек жолын жақын таныстыру,республиканың мәдени өңірінде айырықша орын алған туындылары мен әдебиеттерді насихаттау.


РахмадиевЕркеғали Жабықпайұлы 1930 жылдың 1 тамызында Семей облысы Шұбартау ауданының Мәдениет ауылында дүниеге келген. Ол 6-сыныптан бастап «Үлгі» колхозы мектебінің интернатына орналастырылады. Еркеғали оқуда алғыр болып өсті.

1948 жылдың күзінде домбыра класы бойынша музыкалық училищенің оқушысы болып қабылданды. Училищені ойдағыдай тәмамдаған Еркеғали 1952 жылдың жазында емтихандарды жақсы тапсырып, консерватория студенті атанды. 1957 жылы Е. Рахмадиев өзінің дипломдық жұмысы ретінде Мемлекеттік емтихан комиссиясының алдына «Қамар сұлу» операсының бірінші бөлімін ұсынды. Оның ұстазы Е. Брусиловский келешек Қазақстанның көрнекті композиторы болатындығын таныған-ды. Е. Рахмадиев осы бағытта білімін дамыта түсу үшін П. И. Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясына бір жылдық тәрбие алуға келді.

Оның көркемдік тәсілі халықтық-әндік материалды қазіргі замандық музыка тілімен үндестірумен ұтады. Рахмадиевтің шығармалары: «Қамар сұлу», «Дала таңы», «Алпамыс» опералары, «Дайрабай», «Құдаша-думан» симфониялық күйлері, «Аманкелді», «Толғау» симфониялық поэмалары, «Аястан» кантатасы, «Балқаштағы кеш» хорлық поэмасы Қазақстанда және шетелдерде жақсы танымал.

1962 жылы Мәскеуде жас композиторлар байқауында Еркеғали Рахмадиевтің «Балқаштағы кеш» атты хорға арналған поэмасы бірінші дәрежелі дипломмен бағаланды. «Қамар сұлу» операсының 1963 жылы 15 сәуірде Абай атындағы ҚМАОБ театрында қойылуы үлкен шығармашылық шабытқа жетеледі.1970 жылы композитор оркестрдің қолдауымен трубада орындалатын «Скерцоны» вокалдық-хореографиялық «Қызыл киіз үй» композициясын, М. Әуезовке арналған лирикалық поэма-реквиемін, «Аястан» атты кантатасын және драмалық қойылымдарға арналған «Қабаған ит», «Әке тағдыры», «Сұхбаттасу» музыкаларын жарыққа шығарды. 1972 жылы «Алпамыс»операсы тәмамдалды, оған ілесе шығарылған «Дайрабай» симфониялық күйі композитор Еркеғали Рахмадиевке үлкен жетістік әкелді.

1990-шы жылдарда Еркеғали Рахмадиев өзі сүйетін камералық-вокалдық жанрға қайтадан ауысты. Оның әрбір шығармасы (опералар, концерттер, симфониялық поэмалар, күйлер, кантаталар, әндер және романстар) республиканың мәдени өмірінде айырықша орын алады. Еркеғали Рахмадиевтің мекемелердегі қызметі студенттік кезінде басталды. Қыздарпедагогикалық институтында оқытушы болды. Мәскеудегі мамандығын шыңдау курсынан кейін 1958-59 жылдары Алматы консерваториясында фольклор кабинетін басқарды, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жетекшісі, 1961-65 жылдарда Қазақ КСР-нің Мәдениет министрлігінде Көркемөнер бас басқармасының басшысы, ал 1966 жылы Абай атындағы опера және балет театрының директоры болып тағайындалды. 1967 жылы ол Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры, 1968 жылы Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы және КСРО Композиторлар одағының хатшысы болды. Профессор Еркеғали Рахмадиевтің ұстаздығымен Ө. Несіпханов, Т. Қажығалиев, С. Еркімбеков, О. Жанияров, С. Ромашенко, В. Стригоцкий, М. Тайменкеев және басқа да дарынды композиторлар консерваторияны тәмамдады.

1991 – 93 жылдар аралығында ҚР Мәдениет министрі қызметін атқарды. Музыка өнерінде, қоғамдық жұмыста және атқарған жемісті еңбектері үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР-ның және

Армения, Өзбекстан, Эстон республикаларының, Татар автономиялық республикасының мақтау грамоталарымен марапатталған. 1966 жылы оған Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 1975 жылы халық әртісі, 1981 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді, ал 1980 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы тапсырылды.

Е. Рахмадиев Абайдың «Кеңіл құсы құйқылжыр шартарапқа…», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…», «Қара қатынға…», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да…», «Жаз…», «Жақсылық ұзақ тұрмайды…» өлеңдеріне ән-романстар жазды.

Кітап көрмесіне қазақ өнері тарландарының бірі Еркеғали Рахмадиевтің: «Бала ғашық»; «Өнер өрінде. На вершине»; «Время и музыка»және т.б. кітаптары ұсынылған

Кітап көрмесіне шақырамыз!