|
Жоба туралы
Көркем әдебиетке деген құштарлықты арттыруды Ұлттық кітапхана өзінің негізгі басым мақсаттарының бірі деп санайды. Оқу қазіргі заманғы адамның ой-санасын қалыптастырады, дүниетанымының негізін қалайды, білімін және кәсіби тәжірибесін жетілдіруге септігін тигізеді. Сонымен қатар оқу мәдени және ұлттық құндылықтарды жетік меңгерудің аса маңызды элементі, қоғам мүшелерінің азаматтық ұстанымын қалыптастырудың және оларды отаншылдыққа тәрбиелеудің манызды құралы болып табылады. Кітапхананың ең басты міндеттерінің бірі – жергілікті тұрғындардың оқуға құштарлығын арттыру арқылы мемлекетімізде оқудың беделін көтеру, жас ұрпақты оқуға тарту және төлтума мәдениетімізді сақтап қалу.
Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы кітап пен оқуды кеңінен насихаттау үшін әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізеді. Олардың қатарында жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімдері де бар. Осы тұсаукесер рәсімдерінде ҚР Ұлттық кітапханасы жаңа кітаптардың авторларымен Авторлық келісімшарт жасайды. Бұл келісімшарт Ұлттық кітапханаға кітаптың электрондық көшірмесін жасап, оны Кітапхананың электрондық каталогына және Интернеттегі сайтына орналастыруға, сонымен қатар баспа шығармалардың электрондық көшірмелерін жасауға құқық береді. Баспа шығармалардың электрондық көшірмесін жасау – оқуды насихаттаудағы жаңа технологияның бір түрі болып табылады. Әдеби шығармалардың электрондық кітапханасын жасау жобасы 2007 жылдан бері іске асырылып келеді. Дүйсенбек Нақыпов, Эрнест Төреханов, Аслан Жақсылықовтар Ұлттық кітапханамен Авторлық келісімшартқа қол қойған алғашқы жаңашыл авторлар болып табылады. Жобаны әрі қарай дамыту мақсатында Авторлық келісімшарт жасау жұмысы жалғасуда.
Жоба Қазақстанның қазіргі әдебиетінің қорына он-лайн режимінде қолжетімділікті қамтамасыз етеді және Автор мен Оқырман арасында мазмұнды рухани байланыс туғызады. |