+7 (727) 267-28-83

IMG 20191219 111809

2019 жылғы 19 желтоқсан, сағат 11.00-де Н.Дәулетова атындағы залда  Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмат Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітап 2019 жылы «Ұлы дала тұлғалары» сериясы аясында ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорын кеңінен насихаттау, жариялау және тарихи қолжазбаны кең ауқымды ғылыми  айналымға енгізу мақсатында жарық көрді. Кітап ортағасырлық түркі (шағатай) тілінде кирилл әрпімен транскрипцияланып қолжазбаның факсимилесімен «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан 982 бет көлемінде басылып шықты.

XVI ғасырдың қолжазбасы 2003 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының халықаралық тізіміне Қожа Ахмет Ясауидің қолжазбаларымен бірге енгізілген болатын. Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмат Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» қолжазбасы – 393 хикматтан тұратын «Бақырғани кітабы» шығармасының ең толық нұсқасы.

Бұл қолжазба – XII ғ. сопылық бағыттағы әдеби ескерткіштердің бірі ретінде түркі халықтарына ортақ діни-философиялық мазмұндағы өлеңдер жинағы болып табылады. Бұл кітап ХХ ғасырдың басына дейін оқу құралы ретінде қолданылды.

Қолжазба аудармасы 23 жыл бұрын басталған. 1990-жылдары Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірті Сүлеймен Бақырғанидің мұраларын ғалым-лингвист, филология ғылымдарының докторы Мұхамедрахым Жармұхамедов пен шығыстанушы Мақсұт Шафиги зерттей бастады.

Тұсаукесер рәсімін Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы ашып, сөз кезегін модератор – ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбекұлы Жүнісбековке берді.

Іс-шарада қазақстандық ғалым профессорлар және  ҚР Ұлттық кітапхана ардагерлері: И.Қарымсақов, Ж.Тойбаева, Н.Мауытов, М.Шафиғи, Ж.Кәрі,  Н.Асқарбекова, С.Ходжикова, О.Жұбаева, Д.Тынышбаев т.б. сөз сөйледі.

Іс-шараға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ізденушілер, Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, №17 жалпы білім беретін мектеп-интернатының оқушылары, кітапханашылар және БАҚ өкілдері қатысты.

001   IMG 20191219 111736
IMG 20191219 111955   IMG 20191219 111106