+7 (727) 267-28-83

TM«Қазақстан кітаптары» оқу залында Қазақстанның халық жазушысы, ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің 85 жылдығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысы  Еңбекшіқазақ ауданының Жарсу ауылында дүниеге келген. 1956 жылы  С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби  атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін бітірген.

1956-1986 жж. Т.Молдағалиев «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») газеттерінің әдеби қызметкері, «Жазушы» баспасының бас редакторы, «Балдырған» журналының жауапты хатшысы,  «Жалын» альманахының бас редакторы,  Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, «Балдырған» журналының бас редакторы болып жұмыс істеді.

1957 жылы алғашқы өлең кітабы  «Студент дәптері»  басылып шықты. Кейін: «Кәмилә» (1960), «Көктем таңы» (1961), «Алатау қызы» (1963), «Зулайды күндер» (1965), «Жүрек ояу қашан» (1972), «Махаббат оты сөнбейді» (1975), «Жиырма бесінші көктем» (1980), «Тынық мұхит дәптері» (1985) және т.б. өлеңдер, поэмалар мен әндер жинағы жарық көрді.

Т.Молдағалиевтің лирикасы әуезділігімен ерекшеленеді, сондықтан да  қазақтың  көрнекті композиторлары  Н.Тілендиев,  Ш.Қалдаяқов, А. Бейсеуов,  Е.Рахмадиев  және  басқалары оның өлеңдеріне ән жазды. Т.Молдағалиев қазақ поэзиясына ең жарқын лирик ретінде ғана емес, Қазақстандағы ең үздік балалар ақындарының бірі ретінде енген. Оның шығармалары: «Етекбай атам үйінде», «Арман мен Бота» және т.б. Т.Молдағалиевтің шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Көркем аударма саласында жемісті еңбек етті. Ол: Дж.Байрон, М.Лермонтов, Р.Гамзатов, Г.Гулам және т.б. шетел және орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды Т.Молдағалиевтің еңбегі мемлекеттік наградалармен: Парасат (2005) және Достық (2010) ордендерімен, Қазақстанның Ленин комсомол сыйлығымен (1968), Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығымен (1982) және Халықаралық Физули сыйлығымен (1992) марапатталды.

Туманбай Молдағалиев 2011 жылдың 10 қазанында Алматыда өмірден өтті.    

Кітап көрмесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қорынан жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, оның шығармалары мен мерзімді басылым беттеріндегі мақалалары ұсынылған.

 Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!