+7 (727) 267-28-83

2021ж

2021 жылдың «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына - 30 кітап» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылдан бері ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының кітапханалық     қауымдастығы бастамасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 15 жыл бойы өткізіліп келеді.

Акцияның мақсаты – халық әдебиетін насихаттау, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау, жастарға адамгершілік-патриоттық тәрбие беру, ана тілін құрметтеу. Акцияның міндеті – қазақ әдебиетін кеңінен насихаттап, халықтың оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, сонымен қатар жас ұрпақтың интеллектуалды және рухани дамуына үлес қосу.

Жыл сайын «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында еліміздің барлық кітапханаларында көптеген іс-шаралар мен кітап көрмелері ұйымдастырылып, акция мен таңдаулы авторлар, олардың кітаптары туралы ақпарат беріледі, сондай-ақ Қазақстанның көрнекті жазушыларының шығармалары оқырмандар назарына ұсынылады.

Қазақстанда 2021 жыл Тәуелсіздік жылы деп жарияланды. Осыған орай «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Аталмыш акция аясында «30 кітап - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» атауымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға іріктелді.

Поэзия: Мұқағали Мақатаев «Өмірдастан», Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қазақстаным», Ұлықбек Есдәулет «Киіз кітап», Серік Ақсұңқарұлы «Көкейімде Күлтегіннің жазуы», Тоқтарәлі Таңжарық «Түн парақтары», Бақытжан Канапьянов «Достояние души».

Проза: Тынымбай Нұрмағамбетов «Періштелердің өлімі», Тобық Жармағамбетов «Отамалы», Сәуле Досжан «Қасірет пен тағдыр», Юрий Серебрянский «Дәмді де пайдалы қазақстандық әдебиет», Даурен Куат «Бөрісоқпақ», Тұрысбек Сәукетай «Желқайық».

Драматургия: Рахымжан Отарбаев «Айна ғұмыр», Дулат Исабеков «Жеті желкен», Мадина Омарова «Көмбе нанның дәмі», Иран-Ғайып «Қорқыттың көрі», Думан Рамазан «Пешене», Сая Қасымбек «Жанталас».

Балалар әдебиеті: Ыбырай Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар», Бердібек Соқпақбаев «Жекпе-жек», Марат Қабанбаев «Жиһангез Тити», Толымбек Абдырайым «Алабұға аулаған күн», Зира Наурызбаева, Лиля Калаус «Алтын тостағанды іздеу», Мәди Айымбетов «Бар болғаны он төрт жас».

Аудармалар: Юсупов Кеңес, Габриель Гарсиа Маркес «Жүз жылдық жалғыздық», Әдетов Бекболат, Эрих Мария Ремарк «Аманат өмір», Ахметов Әділ, Агата Кристи «Ғайып болған миллион», Меллат Төлеген, Халид Хусейн «Жарқыраған мың күн», Мазен Динара, Ж.К. Роулинг «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме», Құрметұлы Амангелді, Орхан Памук «Менің атым – Қырмызы».

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан қойылған «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына - 30 кітап» кітап көрмесінде поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы  авторлардың 30 ең үздік жұмыстары, сондай-ақ осы авторлардың әр жылдары жарық көрген кітаптары ұсынылған.

Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!             

Сайтта

Қазір сайтта 654 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.