+7 (727) 267-28-83

БҚ

25 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен көрнекті ақын, жазушы Бақытжан Қанапияновтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Бақытжан Қанапияновтың векзаметрлері» атты Халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Бақытжан Қанапияновтың шығармашылық әлеміндегі әдеби және қоғамдық-саяси идеялар мен құндылықтарды түсіну және зерттеу.

Поэзияның сиқырлы әлемінде Бақытжан Қанапиянов тапқан сөз құдіреті оқырмандарына шынайы этикалық шамшырақ болған жарық арал ретінде ғана емес, сонымен қатар шынайы өнер ретінде де  мәдениет метафоралары мен метаморфоздарының айнасы болып табылады. Ақынның векзаметрлерінде өткен және болашақ өмірде мәдениеттің тағдыры ашылып, тарих пен күнделікті өмір уақыты кездеседі.

Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  ақын Бақытжан Қанапияновты мерейтойымен Құттықтау хатымен ашып,  мерейтой иесіне Еуразиялық ғылым, өнер және әдебиет академиясының ерекше медалін табыстады.

Алғашқы құттықтау сөзбен ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Сүлейменов Олжас Омарұлы сөз сөйледі.

Дөңгелек үстелді докторант, Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының аға ғылыми қызметкері Игорь Крупко жүргізді.

Құттықтаулар аясында  ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың арнайы жолдаған құттықтау хатын ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов оқып, ақынға табыстады. Павлодар облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқарма басшысының орынбасары Самал Саменова Бақытжан Қанапияновқа «Павлодар облысының Құрметті азаматы» төсбелгісін табыстады. ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы Ұлттық кітапханада сақталған қолжазба - XVIII ғасырдың Құраны бейнеленген картинаны  ақынға сыйға тартты.

Сондай-ақ,  мәдениеттанушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әуез Мұрат Мұхтарұлы, Қазақ ПЕН-клубының Президенті Ғабдуллин Бигелді Қайырдосұлы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Сыртқы әдеби байланыстар және аналитика бөлімінің меңгерушісі Ананьева Светлана Викторовна, ақын, аудармашы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Ержан Алаштуған, Еуразиялық Мәдениет қорының президенті Қанапиянов Ерұлан Мұсаханұлы ақынның шығармашылығы туралы сөз қозғады.

Онлайн режимінде құттықтау сөзбен: филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы, РФ Жазушылар одағының  хатшысы Звонарева Лола Уткировна (Ресей), «Москва» журналының поэзия және проза бөлімінің редакторы Баева Наталья Владимировна (Ресей), тарих ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы, аудармашы, Оңтүстік-Шығыс Азия бойынша маман Погадаев Виктор Александрович (Малайзия), журналист, Халықаралық БАҚ еркіндігі сыйлығының лауреаты  Байсейітова Лира Мақсутқызы (Швейцария) сөз сөйледі.  Ақын, Орыс ПЕН-клубының мүшесі (Нью-Йорк, АҚШ)  Кенжеев Бахыт және ақын-аудармашы Даяна Лазаревич (Сербия)  бейне хабарлама жасады.                                       

Ақын, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қанапиянов Бақытжан Мұсаханұлы қорытынды сөз сөйлеп, қазақ тілінде төте жазуымен жарық көрген  3 томдық  өлеңдер жинағымен таныстырып, Ұлттық кітапхана қорына сыйға тартты.

Іс-шара  аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан ақынның өмірі шығармашылығына арналған «Жаһан ақыны – ЖАН  БАҚЫТ» атты  кітап және мерзімді басылымдар көрмесі ұйымдастырылды.

Қатысушылар: С.Қозыбаев, Ж.Омаров, С.Абдулло, Ф.Тамендаров, И.Иминов, Б.Хабдина,   және Түркістан облысының кітапханашылары және т.б.

БҚ1   БҚ2   БҚ3
БҚ4   БҚ5   БҚ6
БҚ7   БҚ8