+7 (727) 267-28-83

Бахина фото28 ақпанда ҚР Ұлттық кітапханасы «Қазақстан кітаптары» қызметінің топ жетекшісі К.А. Бахина Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы мен Х. Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Ұлттық және отбасылық дәстүрлерді сақтау мен дамытудағы балалар кітапханасының әлеуметтік-мәдени миссиясы» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференциясына қатысты.

Ұйымдастырушылар – Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы.

Онлайн конференцияның мақсаты – отбасылық оқу дәстүрлерін сақтау тәжірибесін жинақтау және тарату, цифрлық қоғамда балалар мен жасөспірімдер оқуын насихаттауға ықпал ету.

Онлайн конференцияда Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жұмакенов Еркебұлан Қайроллаұлы мен К.Баялинов атындағы республикалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының басшысы – Сұлтангазиева Роза Калиқызы (Бішкек, Қырғызстан) құттықтау сөз сөйледі. Онлайн конференцияда ҚР Ұлттық кітапханасы «Қазақстан кітаптары» қызметінің топ жетекшісі К.Бахина «Отбасылық оқу – тәрбие көзі» тақырыбына баяндама жасады.

Конференцияда балаларға арналған Украина Ұлттық кітапханасы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары –    Поликарпова Людмила Петровна (Киев, Украина), «Дружные ребята» республикалық балалар газетінің редакторы – Гумирова Ольга Николаевна (Алматы, Қазақстан), «Балаларға оқу» электронды журналының құрастырушысы және бас редакторы, балалар мен жасөспірімдердің оқуы бойынша онлайн конференцияларды ұйымдастырушы – Алексеевна Ольга Сергеевна (Мәскеу, Ресей) және т.б.  қатысушылар өз ойларын ортаға салды.

Талқыланған тақырыптар: ұлттық және отбасылық дәстүрлерді сақтау мен дамытуда отбасылық оқуды қалыптастырудағы кітапханалардың рөлі; балалар мен жасөспірімдер оқуларының өзекті мәселелері; балалар мен жасөспірімдердің оқуын қалыптастыру үшін ақпараттық ресурстарды құру және тарату бойынша кітапханалардың инновациялық жобалары; балалар мен жастарға қызмет көрсететін кітапханалардың әлеуметтік серіктестігі және т.б.

Онлайн конференцияны Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының басшысы Уатаева Баян Қуанышқызы қорытынды сөзімен аяқтады.