+7 (727) 267-28-83

Шерхан

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О. Жандосов атындағы оқу залында халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Көркем сөз шебері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы Талапты ауылында дүниеге келген. 1955 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Университетті бітіргеннен кейін, 1955-1962 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында, республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде әдеби қызметкер, меншікті тілші болып жұмыс істеді. 1973 жылдан-Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы. 1975-1980 жылдары – «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» республикалық газеттерінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы.  1980-1989 жж. – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы. 1992-1994 жылдары Қазақстан телерадио хабарларын тарату мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1995 жылдан шығармашылық қызметпен айналысты. Шерхан Мұртаза 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің XII‒XIII шақырылымдарының депутаты болып сайланды. 1995 жылдан бастап барлық уақытын көрнекті жазушы шығармашылық қызметіне арнады.

«Көркем сөз шебері» атты кітап көрмесінде энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар, көркем шығармалары мен ол туралы әдебиеттер ұсынылған.

Кітап көрмесінің мақсаты – Ш.Мұртазаның өмірі және шығармашылық қызметімен таныстыру, қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан танымал тұлғаға оқырмандардың назарын аудару.

Тұңғыш очерктер жинағы – «Құрылысшы Дәку» (1958), повестері – «Табылған теңіз» (1963), «Бұлтты күнгі найзағай» (1965), «Белгісіз солдаттың баласы» (1967), «41-ші жылғы келіншек» (1972); романдары – «Қара маржан» (1976), «Қызыл жебе» (1987) «Ай мен Айша» (1999); пьесалары – «Сталинге хат» (1988), «Бесеудің хаты» (1989) және т.б. Бүгінде Шерхан Мұртазаның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

Шерхан Мұртаза – көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұстаз. Ерен еңбегі мен зор жетістіктері үшін көптеген құрметті атақтар мен марапаттарға ие болды: «Құрмет Белгісі» ордені, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы (1978), Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері (1984), Қазақстанның Халық жазушысы (1992), Қырғыз Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1995), «Отан» ордені (1999), «Тарлан сыйлығының лауреаты» (2000), «Астана қаласының Құрметті азаматы» (2002), 1-дәрежелі «Барыс» ордені (2012).

Кітап көрмесіне шақырамыз!