+7 (727) 267-28-83

хайдаров

Өнер бөлімінің оқу залында режиссер-мультипликатор, суретші, сценарист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Әмен Хайдаровтың 100 жылдығына арналған «Қазақ мультфильмінің атасы – Әмен Қайдаров» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Суретші-мультипликатор Әмен Әбжанұлы Қайдаров 1923 жылы 3 маусымда Қарағанды облысы Нұра ауданының Жіңішке ауылында дүниеге келген. 1941 жылы желтоқсанда мектептен өз еркімен майданға аттанып, Оңтүстік-Батыс, Дон, Сталинград, Бірінші Украин майдандарында радист, байланысшы ретінде шайқасты. 1946-1950 жылдары Қазақ мемлекеттік театр-көркемсурет училищесінде оқыды. А. Хайдаров өткен ғасырдың 50-ші жылдарында «Ара»-«Шмель», «Қазақстан әйелдері» журналдарының қызметкері, танымал график, плакатшы және карикатурашы болды. 1958-1965 жылдары Мәскеу Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында профессор И. Иванов-Вано шеберханасында білім алып, бір жылдан кейін ВГИК-те режиссерлік курстарды бітіріп, Қазақстанға оралды. Оқуды бітіргеннен кейін Ә. Қайдаров қазақ киносындағы жаңа жанр – мультипликацияның негізін қалаушы болды. Жыл сайын «Қазақфильмде» бес-алты мультфильм түсіріліп, мультипликациялық фильмдер бөлімі құрылды, 1966 жылдан Ә.Қайдаров оның көркемдік жетекшісі болды.

Әмен Қайдаровтың 1967 жылғы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» алғашқы отандық мультфильмі әлемнің 48 елінде танымал болды. Бұл мультфильм Ленинградтағы Үшінші Бүкілодақтық кинофестивальдің лауреаты болды, ал 1975 жылы Нью-Йорктегі Халықаралық мультфильмдер кинофестивалінде «Қола праксиноскоп» сыйлығын жеңіп алды. Одан кейінгі шығармалары – «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр – құрылысшы», «Күн сәулесінен пайда болған көжек», «Қырық өтірік» және т.б. қазақ мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. «Қазақфильм» киностудиясында А. Қайдаровтың жетекшілігімен 47 фильм жарық көрді.

1975 жылдан 1983 жылға дейін А. Қайдаров Қазақстан Кинематографистер одағының хатшысы қызметін атқарды. 1983 жылдан 1991 жылға дейін – Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы, шығармашылық одақтардың: Суретшілер одағының, Кинематографистер одағының, Журналистер одағының, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, барлық халықаралық мультипликаторлар қауымдастығының мүшесі болды. 1993 жылдан Мемлекеттік театр және көркемсурет институтында анимация шеберханасын басқарды. Сонымен қатар, ол көркем сурет салумен айналысты. Ол «Оқжетпес», «Жеке-батыр», «1949 жылы атом бомбасының жарылуы», «Соңғы секундтар», «Абай жерінде» картиналарын, сондай-ақ «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы бойынша миниатюралар мен портреттер жасады.

Әмен Хайдаров «Құрмет белгісі», «Отан соғысы», «Парасат» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстанның көрнекті өнер қайраткерлеріне арналған Президенттік стипендияның лауреаты. 2002 жылы Тәуелсіз «Тарлан» жалпыұлттық сыйлығының иегері, 2007 жылы «Экран Шебері» атағын алды.

2015 жылы 4 ақпанда қайтыс болды.

Көрменің мақсаты – өзінің таланты мен шеберлігінің арқасында өнердегі ірі тұлғалар болып табылатын сахна артындағы кино суретшілерінің құндылығын арттыру.

Кітап көрмесінде қазақ анимациясының аңызы Әмен Хайдаровтың өмірі мен шығармашылығын ашатын: «Кино Казахстана. Кто есть Кто»; «Қазақ өнерінің тарихы»; «Академия художеств Республики Казахстан 2006-2016»; «Қазақстан бейнелеу өнері. ХХ ғасыр»; «Кино Казахстана. Киносправочник»; «Художники Казахстана – участники Великой Отечественной войны: Альбом»; «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы»; Б.Масатов «Қазақ киносының тарихы»; «Шәкен Айманов: Кітап-альбом» сияқты кітаптар ұсынылған. Сондай-ақ, оқырмандарды мерзімді басылым беттеріндегі актердің өмірі, шығармашылығы, актерлік шеберлігі және сахнаның артындағы қызықтар жайлы сұхбаттар мен әңгімелер қызықтырады.

Кітап көрмесіне шақырамыз!