+7 (727) 267-28-83

31 мамыр

«Қазақстан кітаптары» қызметінің  Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстанда жыл сайын 31 мамырда  атап өтілетін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Зұлмат жылдар жадымызда»  атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

31 мамыр – Қазақстандағы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн қазақ халқының өткенге тағзым жасап, қаза тапқан Алаш азаматтарын еске алуға және тәуелсіздіктің қадірін түсініп, бағалауға арналған.

КСРО-дағы қуғын-сүргін - әлемдік әдебиетте "Үлкен террор" атауымен  аталған. Бұл қасіретті кезеңді қазақ елі ұмытпайды. Өз халқының мүддесін қорғаған көрнекті ұлт зиялылары қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілді. Одан бөлек, қазақ халқының жартысынан көбі ашаршылық кезінде қаза тапқанын ел жадынан шығармайды. 1997 жылы 31 мамыр Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып  ресми түрде жарияланды. Жыл сайын бүкіл елде саяси қуғын-сүргін кезінде қаза тапқандар мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шаралар өтеді.

Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. «Кеңестік зұлмат» атты бірінші бөлімде қиын да қилы - сталиндік жекебасқа табыну, асыра сілтеу мен қуғын-сүргін жылдары туралы: «Голод в казахской степи» (1991), «Голодомор в Казахстане: причины, масштабы и итоги» (2011), «1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты» (2012), «Голодная степь» (2020), «Казахи между революцией и голодом» (2021), «Аштық жайлаған дала» (2023) және т.б. кітаптар ұсынылды.

«Алаш азаттығы жолында» деп аталатын екінші бөлімі Алаш қозғалысы және қазақтың озық зиялыларының тағдырын бейнелейтін материалдармен таныстырады. Ел мүддесі үшін жанын берген ұлт қайраткерлерінің жасаған ерең ерліктерін, өз еліне деген ерекше табандылығы мен адалдығын бейнелейтін құжаттар мен материалдар жинағы, ірі түрме лагерлері: ГУЛАГ-АЛЖИР, СТЕПЛАГ, КАРЛАГ туралы: «Алаш рухы» (2017), «Алаш жолы» (2017), «Қазақ мемлекеттілігі және Алашорда» (2018), «Алашское дело 1920-1930 гг. Документы и материалы следственного дела, сфабрикованного ОГПУ» (2022) сынды кітаптар ұсынылған.

«Тұлғалар рухына тағзым» атты үшінші бөлімде қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың ұрпақтары қалдырған естелік кітаптары жиналған. Алаш азаматтарын толық оңалту бойынша деректі материалдар да ұсынылды. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Ғылыми кеңесі басылымға ұсынған «XX ғасырдың 20-50 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары» деп аталатын LII томдық материалдар ұсынылды.

Көрменің мақсаты - оқырмандарды 1920-1950 жылдардағы Қазақстанның ең қайғылы кезеңі мен тарихын таныстыру және жастардың бойында патриоттық сезімдерін ояту, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу және қазақ халқының өткеніне құрмет көрсету.

Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!