+7 (727) 267-28-83

05 гл

2024 жылғы 5 қыркүйек, сағат 15:00-де Алматы қаласы күнін мерекелеу аясында ҚР Ұлттық кітапханасында композитор, КСРО және Қазақ КСР-нің халық әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына арналған музыкалық кеш өтті.

Сыдық Мұхамеджанов қазақтың біртуар композиторы, республиканың композиторлық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, ХХ ғасырдағы қазақ музыкасының танымал классигі.

Композитордың шығармашылық жолы нәтижелі болды және музыкалық өнердің: опера, симфония, оратория, концерт, ән, романс, хор, драмалық қойылымдар мен кинофильмдерге арналған музыка жанрларын қамтыды. Ол тұңғыш ұлттық комикс операсының, алғашқы қазақ ораториясының, сондай-ақ қазақ музыкасындағы оркестрмен бірге дауысқа арналған концерт жанрының авторы. Композитордың музыкалық мұрасы ХХ ғасырдағы қазақ мәдениетінің алтын қорына енген. Оның музыкасы әуезділігімен, жомарт та жарқын эмоционалдығымен, лирикалық байлығымен, драмалық қақтығыстардың тереңдігімен ерекшеленіп, тарихи оқиғалардың қатал қаһармандығымен ұштасқан.

Сыдық Мұхамеджанов музыкалық-қоғамдық өмірге белсенді атсалысты. 1960-1962 жылдары Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы, көптеген жылдар бойы КСРО және ҚазКСР Композиторлар одағы басқармасының мүшесі болды.

Октябрь революциясы, Халықтар Достығы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.

Кештің мақсаты - Қазақстандағы Қазақ симфониялық музыкасының негізін қалаушы С.Мұхамеджановтың өмірі мен шығармашылығын дәріптеу, кейінгі ұрпаққа музыкалық шығармалар мен әдебиет арқылы оның шығармашылығын таныстыру.

Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасы директорының кітапханалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Юсупова Ажар Хамитқызы ашты.

Сыдық Мұхамеджановтың шығармашылығы туралы музыкатанушы, өнертану кандидаты, дарынды ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті - Айзада Зейкенқызы Бұлтбаева баяндама жасады. Әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры Жұмат Амзеұлы Махамбетов өз естеліктерімен бөлісті. Кейін С. Мұхамеджанов, оның өмірі мен шығармашылығы туралы, композитормен түсірілген сұхбат және әнші Бибігүл Төлегенованың әнін орындаған сирек кадрлары жинақталған бейнефильм көрсетілді. Композитордың шығармаларын Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жас солистері орындады. Олар: Шыңғыс Нұрғалиұлы, Абдулла Саят, Тахауи Рахметов, Аяжан Қуаншалиева, Әлімұса Сұңқар, Қанағатов Болат, Төлепберген Аружан, Алпысбаева Аружан, Нарғыз Сәтмұхамбетова; музыкалық жетекші және концертмейстер - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жидилова Гүлнар Шаханқызы.

Іс-шараның қонақтары консерватория оқытушылары мен студенттері, Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры солистерінің шығармашылық тобы; музыкалық колледждер мен мектептердің оқушылары, кітапхана оқырмандары болды.

Кештің модераторы театртанушы, өнертанушы, доцент, театр өнерінің теориясы мен тарихы саласындағы жетекші маман, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі – Амангелді Мұқан болды.

Музыкалық кеш аясында композитор Сыдық Мұхамеджановтың өмірі мен шығармашылық жолын ашатын «Саз әлемінің саңлағы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

ҚР Ұлттық кітапханасы Ұлттық библиография қызметінің мамандары «Қазақстан өнері» биобиблиографиялық сериясының «Мұхамеджанов Сыдық (1924-1991)» ұсынымдық библиографиялық көрсеткішін таныстырды.

05 2   05 7   05 1   05 3
05 8   05 4   05 6   05 5