+7 (727) 267-28-83

Халел Аргынбаев

Өнер бөлімінің оқу залында қазақ этнографиясының негізін қалаушылардың бірі – археолог, этнограф, профессор Халел Арғынбайұлы Арғынбаевтың 100 жылдығына арналған «Тарихтың тарлан білгірі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Х. Арғынбаев 1924 жылы 21 қыркүйекте Павлодар облысы Баянауыл ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1939 оқу жылы басталғанда Халел Арғынбайұлы Қапал педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны 1942 жылы бітірді. 18 жасында Кеңес әскері қатарына шақырылып, соғыста радиотелеграфшы болып қызмет етті. Халел Арғынбаев Украина, Молдова, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Югославия және Австрия аумақтарындағы әскери іс-қимылдарға қатысты.

Әскерден кейін ол білімін жалғастыруға шешім қабылдап, 1947 жылдың қыркүйегінде Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Оны 1951 жылы үздік бітіріп шығады. Республиканың Білім министрлігінің бөлуімен Панфилов қаласындағы педагогикалық училищеге бас оқытушы болып жіберіліп, «КСРО тарихы» және «Қазақ КСР тарихы» пәндерінен сабақ берді. 1954 жылы Халел Арғынбаев Республика Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының күндізгі аспирантурасына байқау негізде оқуға түседі.

1959-1976 жылдары Қазақстан аумағы бойынша этнографиялық экспедицияларды басқарды. Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихи-этнографиялық атласын құрастыруға қатысып, 200-ден астам ғылыми еңбектер жазды, олардың ішінде: «Қазақ халқының қолөнері»; «Қазақ колхоз ауылының мәдениеті мен тұрмысы»; «Қазақ отбасы»; «Қазақтардың тіршілігін қамтамасыз етудің дәстүрлі мәдениеті»; «Қазақ шежіресі хақында» және т.б. Халел Арғынбаев академик А. Х. Марғұланның ғылыми-этнографиялық мектебінің негізін қалаушы дәстүрін жалғастырып қана қоймай, өзінің қазақстандық этнография мектебін қалыптастырды. Оның ғылыми жетекшілігімен Мәскеу және Алматы қалаларында «Этнография» мамандығы бойынша 15-ке жуық докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды.

Көрменің мақсаты - оқырмандарды ірі этнограф Халел Арғынбайұлы Арғынбаевтың өмірімен және қызметімен, ғылыми еңбектерімен таныстыру.

Кітап көрмесінде Х. Арғынбаевтың өмірі мен шығармашылық жолын ашатын: «Қазақ халқындағы семья мен неке», «Хозяйство казахов на рубеже ХІХ–ХХ вв.», «Қазақ халқының қолөнері», «Традиционная культура жизнеобеспечения казахов. Очерки теории и истории»», «Қазақтың отбасылық дәстүрлері» және т.б. құжаттар ұсынылған. Сондай-ақ, оқырмандар үшін мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған археолог, этнографтың өмірі туралы сұхбаттар мен әңгімелерге қызығушылық туғызары сөзсіз.