2024 жылғы 19 желтоқсанда ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қолдауымен С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені ғылыми қызметкерлерінің ұзақ жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде жарық көрген «Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясының тұсаукесері өтті.
Энциклопедияда қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы, драматург, Еңбек Ері, академик, сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің өмір жолының деректері, өскен ортасы, шығармаларының жазылу тарихы, әдеби байланыстары, ой-тұжырымдары, замандастарының лебізі молынан қамтылған.
Шараның модераторы әрі «Ғабит Мүсірепов» тұлғалық энциклопедиясының бас редакторы және құрастырушысы – ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Әділғазы Қайырбеков.
Шарада ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев бастаған зиялы қауым өкілдері сөз зергерінің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, ғылыми айналымға түсіру, оқырмандардың қазақ әдебиетіне деген құрметін арттырудың төте жолы екенін айтты.
Энциклопедияның алғы сөзін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова, Музей кешенін ұзақ жылдар бойы басқарған, ақын, ғалым Әділғазы Қайырбеков жазған, редакторы Рүстем Қайратұлы.
ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, ақын Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Нұрлан Оразалин, жазушы Әлібек Асқар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Абай атындағы институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Жанғара Дәдебаев, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Абай атындағы институтының профессоры, ф.ғ.д. Қансейіт Әбдезұлы, жазушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., Нұрдәулет Ақыш, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ф.ғ.д., профессор Дандай Ысқақұлы сынды зиялы қауым өкілдері Ғабит Мүсірепов туралы көптеген естеліктер мен өз ойларын ортаға салды.
Іс-шараға зиялы қауым және БАҚ өкілдері, белгілі әдебиет, ғылым, мәдениет, өнер қайраткерлері және жазушының қыздары Гауһар мен Гүлнәр Мүсіреповалар қатысты.
![]() |
![]() |
![]() |
||
![]() |
![]() |
![]() |